Әлихан Смайылов Башқұртстан басшысымен кездесті
Қазақстан Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Астанаға делегациямен келген Ресей Федерациясы Башқұртстан Республикасының басшысы Радий Хабировпен кездесті.
Кездесу барысында Қазақстан өңірлері мен Башқұртстан арасындағы өнеркәсіп кооперациясын нығайту жөніндегі шаралар, сондай-ақ Қазақстан-Ресей ынтымақтастығын одан әрі тереңдету мақсатында ауыл шаруашылығы, логистика, білім беру және туризм салаларындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.
Үкімет басшысы Ресей Қазақстанның негізгі сауда-экономикалық әріптестерінің бірі екенін атап өтті. Бұған 2022 жылы тауар айналымы көлемінің 10%-ға өсіп, $27 млрд-қа жеткені дәлел. Өткен жылдың 11 айында да арадағы сауда-саттық жақсы нәтиже көрсетіп, шамамен $24 млрд-ты құрады.
«Қазақстан-Ресей сауда қатынастарының дамуына Башқұртстан Республикасы елеулі үлес қосуда. Аталған кезеңде өңірлер арасындағы тауар айналымы $350 млн-нан асты. Осы ретте арадағы сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі кеңейту үшін зор әлеует бар», — деді Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар Премьер-Министр Астанада өтіп жатқан бизнес-форум мен ынтымақтастық жөніндегі жұмыс тобының отырысы екіжақты өзара іс-қимылға елеулі серпін беретініне сенім білдірді.
Өз тарапынан Башқұртстан басшысы өнеркәсіп кооперациясын одан әрі тереңдетуге және сауда қатынастарын дамытуға қызығушылық танытты.
«Біздің кәсіпорындарымыздың экономикалық ынтымақтастығы артып келеді. Мүмкіндіктер енді ғана іске асырыла басталғанын көріп отырмыз. Тауар айналымын одан әрі ұлғайту алдағы жылдардағы ортақ міндетіміз деп санаймын. Бұл үшін тиісті алғышарттардың барлығы бар», — деді Радий Хабиров.