«Қазақстан-Башқұртстан» халықаралық форумының ашылуы: ынтымақтастықтың жаңа кезеңі
Елордалық Конгресс-орталықта бүгін «Қазақстан-Башқұртстан» халықаралық форумының ресми ашылуы өтті. Бұл шара Қазақстан Республикасы мен Башқұртстан Республикасы арасындағы экономикалық және мәдени байланыстардың жаңа кезеңін бастады.
Форумға Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев пен Башқұртстан Республикасының Президенті Радий Хабиров бастаған Башқұртстаннан келген делегация, сондай-ақ екі республиканың іскер қоғамдастығының өкілдері қатысты.
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев форумның екі республиканың іскерлік байланыстарын нығайту үшін маңызы зор екенін атап өтті.
«Қазіргі форум Башқұртстан мен Қазақстан арасындағы екіжақты қатынастардың кезекті кезеңіне серпін беретініне сенімдімін. Ынтымақтастық әлеуеті әлі толық іске асырылмаған және оны арттыруға мүмкіндіктер мол», - деді министр.
«Өзара сауда-саттық көлемі өсуде. 2022 жылы бұл көрсеткіш 10 пайызға өсіп, 464 миллион долларға жетті. 2023 жылдың соңында өсім көрсеткіші 5%-ға жетті. Ағаш өңдеу өнеркәсібі, химия өнеркәсібі және машина жасау салаларында өзара тиімді инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда», - деп атап өтті министр.
Башқұртстан Республикасының Басшысы Радий Хабиров Қазақстан Башқұртстанның басты әріптесі болып табылатынын алға тартты.
«Біз тиімді іскерлік байланыстар үшін инфрақұрылым жасаудамыз. Өзара іс-қимыл, кооперацияны дамыту жөніндегі жұмыс тобын құрдық. Біз инвестициялық ахуалды жақсартуға және Қазақстан мен Башқұртстан кәсіпорындарының өзара іс-қимылына бағытталған «Жол картасы» пункттерін нақты орындап отырмыз. Қазірдің өзінде жаңадан ашылған Уфа-дан Астана мен Алматыға тікелей рейстер ұшуда және рейстер санын ұлғайтуға ниеттіміз» - деді Р.Хабиров.
Сондай-ақ, ол үкіметаралық комиссия тек сыртқы экономикалық және сауда қатынастарымен ғана емес, сонымен қатар гуманитарлық, мәдени ынтымақтастық, туризм саласындағы қатынастар мәселелерімен де айналысатын болатынын айтты. «Сауда қатынастарынан біз әлдеқайда жоғары деңгейге - өнеркәсіптік интеграцияға көшудеміз», - деп атап өтті Башқұртстан Басшысы.
Сондай-ақ Р.Хабиров қазақстандық тарапты биыл Уфа қаласында өтетін XX мерейтойлық Қазақстан мен Ресей аймақаралық ынтымақтастық форумына қатысуға шақырды.
Форум индустрияландыру мен инновациядан бастап ауыл шаруашылығына, шағын және орта бизнесті дамытуға дейінгі тақырыптардың кең ауқымын қамтиды. Экономикалық интеграция мәселелеріне, энергетика, машина жасау және агроөнеркәсіп салаларындағы бірлескен жобаларға ерекше назар аударылады.
Форум бағдарламасына екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға және экономикалық өсу мен өзара тиімді серіктестіктің жаңа жолдарын іздеуге бағытталған панельдік пікірталастар, жұмыс тобының отырыстары және B2B кездесулері кіреді.