Сенаторлар Катар және Cингапур үкіметтерімен инвестициялық ынтымақтастық туралы заңдарды мақұлдады
Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда Конституциялық заң жобасы бойынша Парламент Палаталарының бірлескен комиссиясының құрамына Сенат депутаттарын сайлау туралы мәселе қаралды. Сондай-ақ отырыс барысында бірқатар келісім мақұлданып, депутаттық сауалдар жолданды.
Сенаторлар алдымен, «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заң жобасы бойынша Парламент Палаталарының бірлескен комиссиясының құрамына Сенат депутаттарын сайлау мәселесін қарады.
Айта кетейік, 2022 жылы жүргізілген конституциялық реформаның нәтижесінде конституциялық заңдарды қабылдау тәртібі өзгертілді. Соған сәйкес енді мұндай заңдар Парламент Палаталарының бірлескен отырысында қабылданады. Осы орайда Палаталардың әрқайсысы бірлескен отырысқа дейін комиссия құрамына кандидатураларды және қосымша баяндамашыны айқындайды.
Осылайша, бірлескен комиссия құрамына Сенаттан: Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Нұрлан Бекназаров, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Андрей Лукин және Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі Айнұр Арғынбекова сайланды. Сондай-ақ Айнұр Арғынбекова Сенаттан қосымша баяндамашы ретінде белгіленді. Алдағы уақытта олар тиісті Конституциялық заң жобасы бойынша жұмыстарға қатысады.
Сонымен қатар, Сенат депутаттары «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қатар Мемлекетінің Үкіметі арасындағы инвестицияларды өзара көтермелеу және қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады. Құжат инвестициялық қызметті жүзеге асыру үшін қолайлы жағдайлар жасау арқылы тараптардың экономикалық ынтымақтастығын жандандыруға арналған.
Заң нормалары арқылы тараптардың өзара іс-қимыл жасау, төлемдер мен аударымдарды жүзеге асыру тәртібі регламенттеледі. Оның ішінде оларға қойылатын шектеулер және тарап пен екінші тараптың инвесторы арасындағы дауларды реттеу тәртібі белгіленеді. Сондай-ақ әрбір тарап өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес экономиканың шектелуге немесе алынып тасталуға тиіс нәзік секторларын және олармен байланысты кәсіпкерлік қызмет түрлерін белгілеу құқығына ие болып қалады.
Палата отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сингапур Республикасының Үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы» заң да қаралып, мақұлданды. Келісім негізінен инвесторлардың инвестициялық қызметі кезінде олардың құқықтарының кепілдіктерін бекіту арқылы ынтымақтастыққа арналған құқықтық негіз қалыптастыруды көздейді.
Отырыс барысында атап өтілгендей, аталған заңдарды қабылдау инвестициялық ахуалды жақсартуға мүмкіндік береді және елдер арасындағы өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал етеді.
«Мемлекет басшысы Жолдауында 2029 жылға қарай ұлттық экономиканың көлемін 2 есеге ұлғайтуды міндет етіп қойды. Осы мақсатқа жету үшін шетелдік инвестиция тарту мәселесіне баса мән беру қажет. Бүгін қаралған заңдар еліміздің Катар және Сингапур мемлекеттерімен осы саладағы ынтымақтастығын нығайтуды көздейді. Келісімдер шеңберінде инвестицияларды қолдау шаралары, инвесторлар қатысатын дауларды шешу тәртiбi және өзге де мәселелер реттеледі. Жалпы, мақұлданған заңдар қолайлы құқықтық орта қалыптастыру арқылы инвестиция тартуға және ел экономикасының дамуына оң септігін тигізеді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Палата отырысында сенаторлар өзекті мәселелерді көтеріп, депутаттық сауалдарын да жолдады.
Әлібек Нәутиев Атырау облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді алаңдатқан түйткілдерге тоқталып, ірі қара мал өсіруді субсидиялау мәселесіне назар аударды. Сенатор шаруаларды толғандырған проблемаларды оң шешу үшін салық жүйесін қайта қарауды ұсынды.
Жанна Асанова ұлттық санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік саласындағы проблемаларды және Ұлттық сараптама орталығының халыққа қызмет көрсетуіне тыйым салуға әкеп соқтыруы мүмкін тәуекелдерді атап өтті.
Бекбол Орынбасаров салық және салықтық емес төлемдердің жекелеген түрлерін жергілікті бюджет деңгейіне беру мәселесін тілге тиек етті.
Андрей Лукин Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында орналасқан «Чалдовар» бекетінде шекаралық бақылауды жетілдіру маңызды екенін айтты. Сенатордың пікірінше, шекара қызметінің жүктерді тек көзбен шолып тексеруі контрабандаға қарсы күресте жеткіліксіз шара.
Ольга Булавкина аймақтар мен Алматы қаласы, сондай-ақ Ресей арасында жүрдек теміржол қатынасының жоқтығын айтып, осы мәселеге Үкіметтің назарын аударды. Депутат бұл ретте теміржол маршруттарын жаңарту қалыптасқан түйткілді оң шешуге ықпал етеді деп есептейді.
Ақмарал Әлназарова қан донорларын қолдау шараларын күшейту және олар үшін өтемақы сомасын ұлғайту қажет екенін айтып, сауал жолдады.
Бибігүл Жексенбай фаст-фудтың танылмалдылығы артып отырғанына және одан қазақстандықтардың денсаулығына төнетін қатерлердің өсуіне байланысты алаңдаушылық білдірді. Осыған байланысты депутат балалар мен жасөспірімдер арасында фаст-фуд жарнамасының әсерін азайтуды ұсынды.
Амангелді Толамисов Жетісу облысында күн сайын мыңдаған адам пайдаланатын көпірлердің апатты жағдайда тұрғанын айтып, дабыл қақты. Сенатор бюджетті қайта қарауға қатысты осы бағыттағы бірқатар шараны атап өтті.
Суретті түсірген: Н. Байбулин