Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Хорватия Премьер-Министрі Андрей Пленковичпен кездесті
Кездесу сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Хорватия үкіметаралық комиссиясының 1-ші отырысы аясында Загреб қаласында өтті.
Тараптар соңғы бірнеше жылда екіжақты ынтымақтастықтың жанданғанын атап өтті. Сонымен қатар Қазақстан-Хорватия өзара іс-қимылының ағымдағы жай-күйі мен келешегін талқылады. Нақтылап айтқанда, кездесуде сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты нығайту мәселелері қаралды.
ҰЭМ басшысы өз сөзінде үкіметаралық комиссия аясында қол жеткізілген уағдаластықтарға тоқталып, екі елдің бизнес-қоғамдастығы өкілдерінің қатысуымен Загреб қаласында өтетін Іскерлік кеңес пен Бизнес-форумның алдағы отырысы жайында сөз қозғады.
Сондай-ақ министр Қазақстанда экономиканың түрлі салаларында ауқымды реформалар жүргізіліп жатқанын айтып, Хорват тарапын ірі жобаларға қосылуға шақырды.
-Қазақстан мен Хорватия үшін, әсіресе Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТХКБ/Орта дәліз) аясында көлік-логистикалық жобаларды дамыту тиімді. Бұл ҚР ерекше назар аударып отырған бағыттың бірі, - деді министр.
Бұған қоса, министр Қазақстанның ЭЫДҰ-ның (Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы) ұлттық экономиканы дамыту жөніндегі саясатына бейілді екенін әрі Хорватияның Ұйымға кіру жөніндегі келіссөздердегі тәжірибесі елімізге пайдалы болатынын айтты.
Өз кезегінде Хорватия Премьер-Министрі Қазақстанмен сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты жоғары бағалап, екі елдің де тауар айналымын арттыруға әлеуеті зор екенін баса айтты.
Кездесу соңында Ұлттық экономика министрі Ә.Қуантыров Хорватия үкіметінің Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды.