ЕАЭО-да «сұр» сертификаттармен күрес бойынша бірлескен шаралар қабылданады
ЕЭК Кеңесінің жаңа жылдағы бірінші отырысында Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин бастаған қазақстандық делегация ел үшін бірқатар өзекті мәселелерді көтерді.
ЕАЭО кеңістігінде «сұр» сертификаттар мәселесі өткір тұр. Сәйкестікті растау құжаттары көбінесе рәсімдерді бұзумен немесе сынақсыз беріледі. Салдарынан контрафактілік өнімдер көбейіп, адам денсаулығына теріс әсерін тигізеді. 2022 жылы Қазақстанда басқа елдерде берілген 200, ал 2023 жылы 300 «сұр» сертификат жойылды.
Қалыптасқан жағдайдың ауқымы мен қаупін ескере отырып, ЕАЭО-ға мүше елдер бірлескен жүйелі шаралар қабылдау қажеттігі жөнінде келісті. Талқылау қорытындысы бойынша ЕЭК Кеңесі Комиссия қарауына 2023 жылы күші тоқтатылған Еуразиялық экономикалық одақ аумағында берілген сертификаттар туралы ақпарат жіберуді тапсырды. Ақпаратты талдап, ұсыныстар әзірлеу үшін жоғары деңгейдегі жұмыс тобы құрылады. Ұсыныстар ЕЭК Кеңесінің биыл мамырда өтетін отырысында ұсынылуы тиіс.
2024 жылдың соңына дейін Қазақстан үшін 300 мың тонна көлемінде шикі қамыс қантына тарифтік жеңілдіктің қолданылу мерзімін ұзарту мәселесін қырғыз тарапы қолдамады. Бұл ретте ЕАЭО қанттың негізгі өндірушілері (РФ және Беларусь) қазақстандық сұранысты қолдады. Бұл мәселе ақпан айының басында ЕАЭО елдерінің үкімет басшылары деңгейінде қаралады.
ЕЭК Кеңесінің қаңтардағы отырысында қабылданған шешімдердің қатарында навигациялық пломбадағы ақпаратты қорғаудың бірыңғай шараларын Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде қолдану бойынша іс-шаралар жоспарын бекіту болды. Құжатқа ықтимал ақпарат қауіпсіздігін бұзушыдан келетін қатерлері мен оның іс-әрекеттерінің жалпы моделін әзірлеуді, ақпаратты криптографиялық қорғау саласындағы алгоритмдерді анықтауды, ақпаратты қорғау үшін техникалық шешімдерді әзірлеу сынды мәселелер қамтылған 2027 жылға дейінгі қадамдар кешені кіреді.
Еске сала кетейік, ЕАЭО-да тасымалдарды бақылау үшін навигациялық пломбаларды қолдану туралы келісім былтыр күшіне енді. Пломба автомобиль және теміржол көлігімен тауарларды тасымалдаудың тұтастығын бақылауды қамтамасыз етеді. Бұл механизм Еуразиялық экономикалық одақтағы кедендік транзиттің бірыңғай жүйесінің элементтерінің бірі болып табылады.
Бұдан бөлек, ЕЭК Кеңесі техникалық және кедендік реттеу, ақпараттық өзара іс-қимыл салаларындағы интеграциялық процестерді дамытуға бағытталған бірқатар басқа да шешімдерді қабылдады.