Cемей1°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
511.22 540.05 4.73

Сенаторлар мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру мәселесін талқылады

31-01-2024, 10:09 Думан Кенжеғазыұлы

Сенаторлар «Мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту. Инклюзивті орта құрудағы және қаржылық қызметтер мен өнімдерге қол жеткізудегі бизнестің рөлі» тақырыбы бойынша Инклюзия жөніндегі кеңестің отырысы өткізді.

Кеңес төрағасы Ләззат Қалтаева отырысты аша келіп, мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту – қазіргі қоғамның басым міндеттерінің бірі болып табылатынын атап өтті.

«Көптеген компаниялар өздерінің барлық қызметкерлеріне инклюзивті ортаның маңызын түсіне бастағанымен, жұмыс іздеу кезінде мүгедектер қиындықтарға жиі тап болады. Біздің міндетіміз – мүгедек адамдардың нәтижелі қызметпен айналысуы және өз мақсатына жету үшін өз әлеуеті мен ынта-ықыласын арттыруға көмектесу», - деді Ләззат Қалтаева.

Сенаторлар мүгедектігі бар адамдар қатарындағы кәсіпкерлерді қолдау, жұмыс орындарын ашу және мүгедектігі бар адамдарға қолжетімді тауарлар мен қызметтерді өндіруге ықпал ететін ішкі саясат пен рәсімдерді қалыптастыру мәселелерін кездесуге қатысушылармен бірге талқылады.

Шара барысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілі Кеңес мүшелеріне мемлекеттің осы бағытта жүргізіп жатқан жұмыстары туралы айтып берді. Атап айтқанда, мемлекет ерекше қажеттілігі бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыру және олардың қоғамға әлеуметтік ықпалдасуы үшін жүйелі шаралар қабылдап жатқаны атап өтілді. ҚР Әлеуметтік кодексіне сәйкес жергілікті атқарушы органдар ауыр жұмыстардағы, еңбек жағдайлары зиянды, қауіпті жұмыстардағы жұмыс орындарын есепке алмағанда, мүгедектігі бар адамдар үшін жұмыс орындарының санынан 2-ден 4%-ға дейінгі мөлшерде жұмыс орындарына квота белгілеу арқылы халықты жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз етеді.

Отырыс жұмысына денсаулық сақтау, оқу-ағарту, мәдениет және ақпарат министрлерінің орынбасарлары, сондай-ақ сарапшылар мен мүдделі қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты.

Суретті түсірген: А. Байжұманов

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив