Сенаторлар медицинаны дамыту жөніндегі Үкімет сағатындағы ұсынымдарды іске асыру барысын талқылады
Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің депутаттары 2022 жылғы 2 желтоқсандағы «Қолжетімді және тиімді денсаулық сақтау жүйесі» тақырыбы бойынша Үкімет сағатында қабылданған ұсынымдарды іске асыру нәтижесіне арналған кеңейтілген отырыс өткізді.
Сенат комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп отырысты аша келіп, Үкімет сағаты барысында дәрігерлерді даярлау, медициналық кадрлардың жетіспеушілігі, медициналық мекемелерді жарақтандыру, халықты сапалы медициналық қызметтермен кеңінен қамтамасыз етудегі денсаулық сақтау жүйесінің өзекті мәселелері талқыланғанын атап өтті.
«Бүгінгі жиынымыздың мақсаты «Қолжетімді және тиімді денсаулық сақтау жүйесі» тақырыбы бойынша Үкімет сағатында қабылданған ұсынымдарды іске асыру мәселелері бойынша құзырлы мемлекеттік органдардың есептерін тыңдау. Мемлекет басшысы өзінің Жолдауларында әрдайым отандық медицинаны дамытуға қатысты, жалпы денсаулық сақтау мәселелеріне жиі тоқталып келеді. Атап айтқанда, халыққа қолжетімді әрі сапалы медицина сияқты негізгі қағидаттарға назар аударады. Ұлт денсаулығы, азаматтарымыздың саламаты болуы, салауатты өмір салтын ұстануы, біз үшін өте маңызды», - деп атап өтті Нұртөре Жүсіп.
Шара барысында денсаулық сақтау министрінің орынбасары жұқпалы емес аурулардан мезгілсіз өлім қаупін азайту үшін медициналық көмек көрсетуді жетілдіру жөніндегі жол картасы жүзеге асқанын, онда кадр даярлау және біліктілікті арттыруды жетілдіру жөніндегі бағыттар көзделгенін, сондай-ақ әйелдер мен балаларды сауықтыру, аурулардың алдын алу, емдеу мен оңалтуды ұйымдастыру жөнінде шаралар қабылданып жатқаны туралы айтты.
Отырысқа әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының өкілдері, денсаулық сақтау саласындағы отандық және халықаралық сарапшылар қатысты.
Суретті түсірген: А. Байжұманов