Digital Almaty 2024 көрмесінде кәсіпорындарды цифрландыруды қолдау шаралары айтылды
«Digital Almaty-2024» форумы аясында цифрлық жетістіктер мен шешімдер көрмесі өтті. Іс-шараға отандық өнеркәсіп кәсіпорындары мен мемлекеттік мекемелер қатысты. ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі индустрияны цифрландыру жетістeстіктері, осы бағыттағы алдағы жоспарлары мен Индустрия 4.0 бойынша кәсіпорындарға мемлекеттік қолдау шараларын таныстырды.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі кәсіпорындарға цифрлық трансформациялау процестерін жеделдетуге бағытталған қолдау көрсетеді. Соның ішінде қаржылық қолдау да қарастырылған. Министрлік IT шешімдерін енгізу шығындарының бір бөлігін қаржыландырады.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, цифрлық технологияларды пайдаланатын өңдеу өнеркәсібіндегі ірі және орта кәсіпорындардың үлесі 12,9%-ды құрайды, бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді. Цифрлық технологияларды пайдаланатын ірі және орта өнеркәсіптік кәсіпорындар үлесінің өсуі орта есеппен 3,5%-ды құрайды.
Іс-шарада атап өтілгендей, Мемлекет цифрлық технологияларды енгізетін кәсіпорындарды қолдаудың бірнеше түрін ұсынады - консультациялық көмек көрсетуден бастап шығындардың бір бөлігін өтеуге дейін. Олар технологиялық аудитті және Индустрия 4.0 элементтерін енгізу шығындарының 50% - на дейін өтеуді қамтиды.
Бұл қызметтерге кәсіпорындар онлайн түрде www.qazindustry.kz арнайы порталы арқылы цифрлық технологиялар мен автоматтандырылған басқару жүйелерін сатып алуға және орнатуға кеткен шығындарды өтеуге өтінім бере алады.
Сондай-ақ, кәсіпорындар үшін digital.qazindustry.gov.kz арнайы порталы жұмыс істейді. Бұл қазақстандық өнеркәсіпті цифрландырудың негізгі алаңы болып табылады. Жүйеде цифрлық технологиялар енгізу бойынша білім және құралдар жиынтығы ұсынылған. Атап айтар болсақ, Global Innovation Index рейтингінің үздік ондығына енетін елдердің кейстері, 15 санат бойынша кәсіпорындардың 1479 цифрлық профилі, 549 жарияланым ұсынылған.
Цифрландыру кәсіпорындарға өндірісті автоматтандыруға, уақытты үнемдеуге, сапаны арттыруға, сұранысты ұлғайтуға және өнімнің жаңа түрлерін игеруге көмектесті.
Айта кетерлігі, форум аясында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі «Индустрияның цифрлық трансформациясы» панельдік сессиясын өткізген болатын. Сессияда вице-министр Жәннат Дүбірова сөз сөйледі. Іс-шара барысында Индустрия 4.0 элементтерін енгізу және кәсіпорындардың бизнес-процестерін автоматтандыру перспективалары талқыланды. Сондай-ақ, еліміздің бірқатар ірі кәсіпорындары процестерді дамыту және автоматтандыру тәжірибесі туралы айтты.
Еске сала кетейік, 1-3 ақпан аралығында Алматыда «Digital Almaty-2024»: «Х индустриясы - Болашақтың цифрлық эволюциясы» атты цифрлық форумы өтуде. Алтыншы форум сандық индустрияның жаңа дәуірін құруға бағытталған тәжірибе және идеялар алмасу үшін ШЫҰ және ЕАЭО елдерінің мемлекеттік қызметкерлерін, жетекші сарапшылар мен кәсіпкерлерді жинады. Форумда Иран, Үндістан, Беларусь, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей және Қытайдың халықаралық технопарктері қатысуда. Қатысушылар цифрлық технологиялар саласындағы қазіргі тенденцияларды және оларды әлеуметтік, экономикалық және экологиялық мәселелерді шешу үшін қолдану мүмкіндіктерін талқылайды.