ІІМ ҰҚТ жетекшілері мен белсенді мүшелерін ұстады
Олардың криминалдық қызметі туралы дәлелдемелерді жинау арқылы қылмыстық топтардың жетекшілері мен белсенді мүшелерін қоғамнан оқшаулау жөнінде кешенді шаралар қабылданып жатыр.
Жыл басынан бері ұйымдасқан қылмыстық топ құру, оған басшылық ету және қатысу бойынша 15 факті анықталып, тіркелді. Әртүрлі қылмыстар жасағаны үшін қылмыстық топтардың 30-дан астам жетекшілері мен белсенді мүшелері ұсталды.
Мәселен, 7 ақпанда ІІМ мен ҰҚК қызметкерлері Алматы қаласында құрамында белгілі “Айшуақ-Жантүгел” ұйымдасқан қылмыстық тобының мүшелері бар топты құрықтады. Жедел-тергеу іс-шараларының нәтижесінде 14 адам ұсталды.
7 атыс және травматикалық қару, 4 граната, 200-ден астам оқ-дәрі, есірткі заты, сондай-ақ басқа да суық қару тәркіленді. Топ мүшелері кәсіпкерлерге өздерінің криминалдық “қамқорлығын” көрсете отырып, оларды бопсалаумен айналысқаны анықталды. Олар Алматы қаласының темір жол вокзалдары аумағында, сондай-ақ базарларында өз ықпалын жүргізген.
– Ұсталған адамдарға қатысты Алматы қаласы ПД тергеу басқармасы бопсалау және бас бостандығынан заңсыз айыру фактілері бойынша бірнеше қылмыстық істі тергеуді бастады, – деді ҚР ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің басқарма бастығы Қуандық Алпыс.
Сол күні полиция күшімен Степногорск қаласында осыған ұқсас ұстау жүргізілді. Жедел жұмыстың нәтижесінде қорқыту және күш көрсету арқылы қаланың тұрғындарын бопсалаумен айналысқан жергілікті криминалитеттің қатарынан тұратын топтың жолы кесілді.
– Қылмыстық топтың барлық мүшелері ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оларға қатысты Ақмола облысы ПД тергеу басқармасы бопсалау фактілері бойынша 6 қылмыстық істі тергеп жатыр. Көрсетілген фактілер бойынша өзге мәліметтер тергеу мүддесінде жарияланбайды, – деді Қуандық Алпыс.