Үкіметте Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен жаңа өндірістер мен қазақстандық қамтуды дамыту бойынша ірі өнеркәсіптік кәсіпорындармен кеңес өтті
Ағымдағы жылдың 14 ақпанында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің тапсырмасымен Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр тау-кен металлургия кешені, машина жасау, мұнай-газ, көмір, химия өнеркәсіптері саласындағы ірі кәсіпорындар мен ұлттық компаниялардың басшыларымен кездесу өткізді.
Кеңес барысында Р. Скляр өнеркәсіп және елішілік құндылықты дамыту бойынша ел Үкіметі жүргізіп жатқан жұмыстарды атап өтті.
Осыған байланысты ірі кәсіпорындарға отандық тауар өндірушілерден тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді ешбір шартсыз сатып алу міндеті қойылды.
Бұдан бөлек, бірқатар импортталатын тауарлар өндіретін отандық кәсіпорындарды ашуға жағдай жасау мәселесіне ерекше назар аударылды.
Сондай-ақ жоғары деңгейде өңделген өнім өндіретін әр кәсіпорын бойынша серпінді жобалар тізбесін ұсыну қажеттігі атап өтілді.
Кеңес қорытындысы бойынша мемлекеттік органдар мен ұйымдарға бірқатар тапсырма берілді.