Білім сапасын бағалаудың ұлттық жүйесін енгізуіміз қажет — Тамара Дүйсенова
Астанада Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктерінің кеңейтілген бірлескен алқа отырысы өтті. Оның жұмысына ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова, Парламент депутаттары, салалық ведомстволар, білім басқармаларының басшылары, ұстаздар, сарапшылар мен саланың өзге де мамандары қатысты.
Былтыр атқарылған жұмыстардың нәтижелері мен алдағы уақытқа жоспарланған шаралар туралы оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтып берді.
Білім беру сапасын арттыру үшін салалық министрліктер сарапшылар қауымымен бірге ауқымды жұмыс атқарып, Ұлттық баяндаманың жобасын әзірледі. Ол білім беру саласындағы қызметкерлер және сарапшылармен талқыланып, қарастырылды.
«Баяндама сапалы білім беруге қатысты нақты шараларды ұсынумен шектелмейді. Онда әр мекеменің жұмысынан талап етілетін нақты нәтижелер мен KPI-лар белгіленді. Осыны негізге ала отырып, екі министрліктің Білім беруді дамыту тұжырымдамасына өзгеріс енгізу қажет деп санаймын. Баяндама білім беруді өз алдына дербес мекемелер жиынтығы емес, бірін-бірі толықтыратын көп деңгейлі жүйе ретінде қарастырады. Сондықтан қарастырылған жаңашылдықтар бірізді болып, балабақшадан бастап жоғары оқу орындарына дейінгі кезеңдерді қамтиды», — деп атап өтті Тамара Дүйсенова.
Баяндама аясында қолданыстағы бағалау механизмдерін реттеп, біріздендіріп, білім сапасын бағалаудың ұлттық жүйесін енгізу көзделген. Ол ұстаздардың біліктілігі мен оқу бағдарламасының сапасы туралы нақты жағдайды көрсетуі қажет. Мұндай әдіс білім беру мекемелерінің деңгейін анықтап, әрқайсына қатысты нақты шаралар қабылдауға мүмкіндік береді.
«Білім ошақтарындағы үлгерім көрсеткіштерін теңестіру үшін өңірлер 20 нақты жол картасын әзірледі. Бұл шаралар орта білім саласында жүйелі өзгерістерге әкелуі тиіс. Жол карталарының орындалуы үшін оқу-ағарту министрі, әкім орынбасарлары мен білім басқармаларының басшылары тікелей жауап береді», — деді вице-премьер.
Балабақша бүлдіршіннің даму бағыты қалыптасатын орын болғандықтан, бала түрлі ойындар арқылы машықтанып, мектепке мейілінше дайын болып баруы тиіс. Бұл жұмысқа ата-аналардың да араласуы маңызды. Айта кету керек, дамыту шараларымен балабақшаға бармайтындарды да қамту көзделген. Әр өңір өзінің мүмкіндігіне қарай кеңес беру орталықтарын не болмаса балалар мен ата-аналарға арналған оқу курстарын ұйымдастырмақ.
Ал мектеп балалардың бастапқы мүмкіндіктерін теңестіруші орынға айналуы керек. Білім сапасы бірінші кезекте мұғалімге байланысты. Сондықтан кадрларды даярлау және оларды кәсіби тұрғыда дамыту мәселелері ерекше маңызға ие. Қазір елімізде 3 мыңнан астам мұғалім жетіспейді. Екі министрлік алдында бірлесіп, педагогтарды даярлау жүйесін жетілдіру жағын ойластыру және оларды даярлайтын бағдарламалардың сапасын бағалау мақсаты тұр. Болашақ мұғалімдердің негізгі кәсіби білімі және олардың әдістемесі уақыт талабына сай болуы керек. Сондай-ақ вице-премьер қызметтегі ұстаздардың аттестациясына мән беруге шақырды. Оны цифрландырып, ашық әрі объективті болуын қамтамасыз ету керектігіне назар аударды.
Үздік әлемдік тәжірибені ескере отырып, әр 5-7 жыл сайын білімнің мазмұнын жаңғыртып отыратын жүйе қалыптастыру қажеттігі туралы да айтылды. Оқу-ағарту министрлігі мектеп стандартын қайта қарау жұмысын аяқтап, оны 2026 жылдан бастап кезең-кезеңмен енгізе бастауы тиіс. Бұл ретте білім беру процесіне қатысатын барлық тараптың бүкіл инновациялардан хабардар болуын қамтамасыз ету керек.
Білім берудің бірізді әрі үздіксіз тізбегінде техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері жұмысшы кадрлар мен орта деңгейлі мамандарды әзірлейтін негізгі нысандар болуы шарт. Бұл ретте микробіліктілікті алу, мойындау ісін қолға алу мақсаты тұр. Ал ЖОО-лар біліктілігі жоғары мамандарды дайындайтын мекемелер болуы тиіс. Ең маңыздысы – оқу бітіріп шыққан түлектер нарық сұранысына сай болуы қажет.
«Өңір әкімдері бизнес өкілдерімен бірлесіп, қолданыстағы және болашақтағы кәсіптердің өңірлік картасын ұсынғаны жөн. Білім беру тапсырыстары мен оқу бағдарламалары осы карталарға негізделуі керек. Еңбек және халықты әлеуметтік қамту министрлігіне бұл мәселені өңірлермен бірге мұқият пысықтауды және кадрларға сұраныс туралы нақты болжам жасап, ұсынуды тапсырамын», — деп түйіндеді Тамара Дүйсенова.