Гарнизонда қазақша күрестен жарыс өтті
Аягөз гарнизонының спорт кешенінде әскери прокуратураның құрылған күніне орай қазақ күресінен ауқымды жарыс өтті. Боз кілем бәсекесіне әскери бөлімдермен бірге қалалық өрт сөндіру бөлімшесі және жергілікті полиция қызметкерлерінің 60-қа жуық балуаны қатысып, алты салмақ дәрежесінде өзара бақ сынасты.
Салтанатты шараның ашылуына Аягөз гарнизонының әскери прокуроры әділет подполковнигі Ермек Шалбаев, гарнизон бастығы полковник Дәулет Сүттібаев, Аягөз ауданының прокуроры әділет кеңесшісі Бағдат Семеев және әскери бөлім командирлері мен қазақ күресінен халықаралық дәрежедегі төрешілер қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.Жарыстың мақсаты – әскери қызметшілер мен басқа да бөлімшелердің арасында қазақ күресін кеңінен насихаттау, ұлттық спорт түрімен айналысатын боз кілем шеберлерінің үлесін арттыру болып табылады.
Ер жігіттер Отан қорғау жолында кез-келген жағдайларға әзір тұру керек. Бүгінгі жарысқа қатысушы әскери, өрт сөгндіру, полиция бөлімшелерінің қызметкерлері күш сынасып, физикалық тұрғыда дайын екендерін көрсетті.Жарыс халықаралық «Қазақ күресі» федерациясы бекіткен ереже бойынша өтіп, сайысқа халықаралық дәрежедегі төрешілер қазылық етті.
Бозкілем бәсекесіне тыңғылықты дайындықпен келген әр палуан жеңістен үмітті. Олар қарсыластарын жеңуге бар күш-жігерлерін салып, жеңіске деген жауынгерлік рухтарын көрсете білді.
Сонымен, тарысқа толы белдесуде 60 кг салмақта аға лейтенант Серік Қайратбекұлы, 66 келіде ефрейтор Біржан Молдағалиев, 74 кг салмақта ефрейтор Бекжан Молдағалиев жеңіс тұғырынан көрініп, чемпион атанды. Сондай-ақ, 82 кг салмақта аға сержант Жарас Ерназаров, 90 кг салмақ дәрежесінде серажнт Ерсін Советханов және 90 келіден жоғары салмақта аға сержант Жанат Уатаев қарсылас шақ келтірмей, алтын медальға қол жеткізді.
Шара қорытындысында әр салмақ дәрежесiндегi жеңiмпаздар мен жүлдегерлер медаль және мақтау қағаздарымен марапатталды.
Аягөз гарнизонының баспасөз қызметі