Ауыл шаруашылығы саласындағы деректерді реттейтін комиссия құрылды
Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығының дамуына баса назар аударып, осы салада даму үшін үлкен мүмкіндіктер бар екенін айтып келеді. Осыны ескере отырып, Президент аграрлық сектордағы өсім мен тиімділіктің артуына үлкен үміт артып отыр. Осыған орай, 5 жыл ішінде ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемін 2 есеге арттыру міндетін қойды. ҚР ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров ОКҚ алаңында осылай деді.
Жақында Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Жиында Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы саласында еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған ауқымды жұмыс жүргізу қажет екенін қадап айтты. Айдарбек Сапаровтың айтуынша, осы тапсырмаларды орындау үшін Министрлік ауыл шаруашылығы саласында кеңейтілген талдау жүргізді.
Бұл сараптамаға салалық бизнес-қоғамдастық өкілдері де қатысты. Талдау нәтижесінде бірқатар жүйелі проблема мен кедергі болып тұрған факторлар анықталды. Осы мәселелерді шешу үшін тиісті Жол картасы әзірленді.
«Бірінші мәселе – статистиканың көрсеткіштерін ретке келтіру. Көп жыл бойы қалыптасқан есептеу әдістемесін өзгерту керек. Содан бұрмаланған деректер болмайды. Сондықтан бұдан кейін сенімді деректерге сүйеніп, заман талабына сай есептеудің жаңа тәсілдерін қолдануымыз қажет. Осы бағытта жұмысты бастап та кеттік»,-деді ведомство басшысы.
Айта кетерлігі, бұл бағытта жұмыс істейтін арнайы комиссия құрылды. Оның мүшелеріне ауыл шаруашылығындағы деректерді ретке келтіру міндеті жүктелді.