Қазақстан БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің Жоғары деңгейдегі сегментіне қатысты
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу бастаған қазақстандық делегация БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің 55-ші сессиясының Жоғары деңгейдегі сегментіне және БҰҰ жаһандық алаңының басқа да іс-шараларына қатысу үшін Женеваға келді. Отырысқа 100-ден астам мемлекеттердің жоғары өкілдері, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш және Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары Фолькер Тюрк қатысты.
ҚР СІМ басшысы өз сөзінде халықаралық қоғамдастыққа Қазақстанның осы бағыттағы ұлттық құқық қорғау жүйесін жетілдіру саласындағы қол жеткізген нәтижелері және алдағы басымдықтар туралы хабардар етті. Әсіресе ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүргізіп жатқан реформаларының төрт пакетін іске асыру, Конституциялық Сотты қайта құру, сондай-ақ Адам құқықтары жөніндегі уәкілі институтын күшейтудің нәтижелері аталып өтті.
Осы орайда М. Нұртілеу халықаралық қоғамдастыққа: «Қазақстандағы демократиялық өзгерістер қайтымсыз» деген бас месседжін жариялады.
Қазақстан сыртқы саяси ведомствосының басшысы геосаяси теке-тірестер мен өңірлік қақтығыстардың, сондай-ақ әлемде өсіп келе жатқан экономикалық белгісіздіктің күшеюіне алаңдаушылық білдірді. Ол ешбір елдің мұндай дағдарыстарды жалғыз өзі жеңе алмайтынын тілге тиек етіп, осы бағытта көпжақты серіктестікті нығайтуға шақырды.
Министр Қазақстан ұлттар арасындағы диалог пен өзара түсіністікке, сондай-ақ жаһандық құқық қорғау жүйесін нығайтуға өз үлесін қосуды жалғастыратынын атап өтті.
М. Нұртілеу халықаралық қоғамдастықты қарусыздану, цифрландыру және гендерлік теңдік мәселелерінде адам құқықтарын бейбітшілік құру жөніндегі күш-жігердің негізіне қоюға шақырды.
Анықтама: Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары жөніндегі кеңесі (БҰҰ АҚЖК – UNHRC) Бас Ассамблеяның 2006 жылғы 15 наурыздағы 60/251 қарарына сәйкес құрылды және бүкіл әлем бойынша адам құқықтарын жалпыға бірдей құрметтеуге және қорғауға, адам құқықтарының бұзылуына байланысты жағдайларды қарауға, сондай-ақ тиісті ұсыныстар дайындауға жауапты БҰҰ жүйесінің үкіметаралық органы. БҰҰ АҚЖК оның алдында жұмыс істеген БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комиссиясының орнына құрылды. Кеңес құрамына 47 мүше мемлекет кіреді, олар тікелей жасырын дауыс беру арқылы көпшілік дауыспен үш жылға сайланады.