2024 жылы «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 556 нысанды пайдалануға беру жоспарланып отыр
ҚР Үкіметінің кезекті отырысында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру барысы талқыланды. Тақырып бойынша денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова баяндама жасады.
Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, 2023 жылдан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы іске асырылып жатыр. Жобаның аясында 3 міндет іске асырылуда:
- 655 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысанын салу;
- жұмыс істеп тұрған аудандық ауруханаларды жаңғырту және оларды жарақтандыру арқылы 32 заманауи ауданаралық көпбейінді орталық аурухананы ұйымдастыруды қамтитын ауыл халқына шұғыл медициналық көмек көрсетудің қолжетімділігін арттыру;
- ауылдағы денсаулық сақтау нысандарын медициналық кадрлармен қамтамасыз ету.
«Осы міндет бойынша 1 100 медицина қызметкерін даярлау жоспарланып отыр», — деді министр.
Жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу мерзімдері мен құнын оңтайландыру мақсатында медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысандарының бірыңғай оңтайлы параметрлерін сақтай отырып, жобалауға біріздендірілген тәсіл көзделген. Бірыңғай жобалаушы жергілікті атқарушы органдар қайта қолдану үшін өңірлердің климаттық және сейсмикалық ерекшеліктерін ескере отырып, нысандардың 3 түрі бойынша 16 эталондық жобаны әзірледі.
Медициналық-санитариялық алғашқы көмектің барлық нысанында компьютерлік техникасы бар телемедицина кабинеттері көзделген, алайда құрылыс аясында телемедициналық консультациялар өткізу үшін медициналық жабдықтармен жарақтандыруға қаражат көзделмеген. Осыған байланысты ауыл халқының сапалы медициналық көмекке тең қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін жергілікті атқарушы органдардан аталған нысандарды интернет желісіне қосу және тиісті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету сұралады.
Денсаулық сақтау министрінің сөзінше, медициналық және медициналық емес бұйымдарды таңдау кезінде отандық тауар өндірушілердің өнімдеріне басымдық берілді. Жалпы пайыздық көрсеткіш 71%-ды құрады. Ұлттық жобаның бірінші міндетінің аясында барлығы 655 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысанын салу жоспарлануда, оның ішінде 2023 жылы 92 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысанының құрылысы аяқталды, 7 жоба мерзімдері бұзылып, биыл аяқталады деп күтілуде. 2024 жылы 556 нысан пайдалануға берілмек.
«Бүгінгі таңда 239 жоба бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынып, 317 жоба сараптамадан өтуде. Қорытынды алудың күтілетін мерзімі – осы жылдың сәуір айы. Сол кезде біз толығымен сараптамадан өткізіп аяқтаймыз», — деді министр.
Бүгінгі таңда әкімдіктер конкурстарды өткізіп, нысандардың құрылысына 109 шарт жасалынып отыр, оның ішінде 99 нысанға жергілікті атқарушы органдардың қоса қаржыландыруы көзделген, бұл ретте республикалық бюджеттен 58 нысан қаржыландырумен қамтамасыз етілген. Жалпы 2024 жылға арналған қосымша қаржыландыру қажеттілігі 498 нысан салуға 99,6 млрд теңгені құрайды.
Биыл нысандардың құрылысын аяқтаудың жоспарланған мерзімдері: 7 нысан – биылғы маусым; 10 нысан – қазан; 226 нысан – қараша; ал желтоқсанда 120 нысан беріледі деп күтілуде.
Ұлттық жобаның екінші міндеті аясында 32 аудандық аурухананы жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде 12 жоба бойынша жобалау-сметалық құжаттама бар, оның ішінде 9 жоба республикалық бюджеттен қаржыландырумен қамтамасыз етілген. 9 жоба мемлекеттік сараптамадан өтуде, 14 жоба – әзірлеу сатысында.
Ұлттық жоба аясында 32 көпбейінді аудандық орталық аурухананы материалдық-техникалық жарақтандыруға 33,6 млрд теңге мөлшерінде шығыстар көзделген. 2023 жылы жалпы сомасы 10,5 млрд теңгеге 1 800 медициналық техника сатып алынды. 2024-2025 жылдары 23 млрд теңге сомасына 9 ангиограф, 17 МРТ, 6 КТ сатып алу жоспарланған.
«Сонымен қатар бүгінде болжамды тиімділік тұрғысынан медициналық техникамен жарақтандыру жоспарына ревизия жүргізілуде, осыған байланысты бұл сандар түзетілетін болады. Ұлттық жобаның денсаулық сақтау нысандарын медициналық кадрлармен қамтамасыз ету жөніндегі үшінші мінде аясында министрлік өңірлермен бірлесіп талдау жүргізді», — деді Ақмарал Әлназарова.
655 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысаны үшін кадрларға жалпы қажеттілік 254 медицина қызметкерін құрайды. 32 көпбейінді аудандық орталық аурухана үшін 898 медицина қызметкері қажет. 2023 жылы медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысанына 39 жас маман және көпбейінді аудандық орталық ауруханаға 89 жас маман жұмысқа орналастырылды. Биыл осы бағыт бойынша жұмыс істеу үшін 215 грант иегерін жіберу жоспарланып отыр.
«2024-2025 жылдары ұлттық жобаның 2 бағыты бойынша өңірлер 486 дәрігермен және 323 орта медицина қызметкерімен қамтамасыз етілетін болады. Әлеуметтік пакеттер өңір қаражатының есебінен көзделетін болады. Осы мәселені әкімдердің қолдауы қажет. Ұлттық жобаны іске асыру бойынша жұмыс жалғасуда және министрліктің ерекше бақылауында», — деді денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.