ІІМ Кинологиялық орталығында біліктілікті арттыру курсы өтті
Кинологиялық орталық өңірлік департаменттердің қызметкерлеріне кинолог-маман біліктілігін беруге уәкілетті жалғыз құрылымдық бөлініс болып табылады.
Орталықта кинологтар мен қызметтік иттер дайындалатын бағыттардың ең үлкен тізімі бар. Негізгі бағыттар – есірткі құралдарын іздеу, иіс іздері бойынша адамды іздеу, жарылғыш заттар мен оқ-дәрілерді іздеу, патрульдік қызмет және шабуылдау.
Оқу базасы мен материалдық-техникалық жарақтандыру жыл сайын 130-дан астам кинолог-маман мен иттерді оқытуға мүмкіндік береді.
Алматыда Кинологиялық орталық базасында жарылғыш заттарды іздеу және иіс ізімен адамды іздеу бойынша кинолог-мамандардың және қызметтік иттердің біліктілігін арттыру бойынша кезекті курс аяқталды.
Кинологтар иттермен бірге үй-жайларды, багаждарды, көлік құралдарын тексеріп, қылмыскерлерді іздестіру дағдыларын жетілдірді, қарақшылар мен бұзақылардың жасырынған жерін анықтау үшін жеке тінту әдістерін үйренді.
Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 28 кинолог-полицей сертификат алып, ІІМ КО бастығының грамоталарымен марапатталды.