«Қазақ тілі - ғылым тілі: дәстүр және инновация» симпозиумы басталды
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Қазақ тілі-ғылым тілі: дәстүр және инновация» симпозиумының ашылу салтанаты өтті.
Симпозиумның басты мақсаттары: ғылым салаларындағы ұлттық мазмұнның сапасы мен деңгейін бағалау, келешекте даму жолдары туралы ұсыныстар тұжырымдау, ғылымның саяси-құқықтық мәселелерін, ұлттық мазмұнын нығайту тұрғысында қарастыру, ғалымдар, ғылыми кадрлар дайындаудағы ғылым мен білім беру аралығындағы арақатынас проблемаларын талқылап, ұсыныстар енгізу, ғылыми тәуелсіздік, ғылым және қазақ тілі мәселелерін жан-жақты талқылау болды.
Салтанатты кешті ашып беру үшін ҚР Ғылым және Жоғары білім министрі Саясат Нұрбек алғашқы сөз тізгінін алды.
Сондай-ақ, министр қазақ тілін әлемдік платформаларға енгізу жоспарына егжей-тегжейлі тоқталды. Осылайша, қазір тілді цифрландырудың үлкен стратегиясы дайындалуда. Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жеке жоспар дайындап жатыр. Ғылым және жоғары білім министрлігі 3 бағыт бойынша көмек көрсетеді: «Kazakh LLM» (Тілдік үлкен моделі)жасанды интеллект бойынша кадрлар даярлау, сондай-ақ ғылыми ортаны дамыту үшін НУ университетінде ауқымды міндеттерді шешу үшін суперкомпьютер құрылады.
ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі, «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы, ҚР Мәдениет қайраткері Қанат Айтбаев құттықтау тілектерін жеткізді. Олар симпозиумға қатысушы ғалымдардың жұмысына сәттілік тіледі.
Пленарлық отырыста тіл мәселесін қоғам алдында көтеріп жүрген ғалымдар өзекті баяндамалар жасап, қазақ тілінің ғылым тіліне айналу мәселелерін талқылады.
Сондай-ақ, симпозиум аясында Ахмет Ясауи университетінің «Актерлік өнер» мамандығының студенттері түркі халықтарының ортақ рухани діңгегі Қожа Ахмет Ясауиге арналған «Ясауи жолы» қойылымын көпшілік назарына ұсынып, зор қошаметке ие болды.
Айта кетейік, республикалық симпозиум ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы ұйымдастыруымен өтіп жатыр. Екі күнге созылатын басқосуда ғалымдар 6 секция бойынша баяндамалар жасап, ой-пікір алмасады.