Мемлекеттік қызметке іріктеу цифрландырылады
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары А. Жолмановтың қатысуымен «Мемлекеттік қызметке іріктеу мен өткеру процесін жетілдіру мәселелері туралы» тақырыбында брифинг өткізілді.
Спикер мемлекеттік қызметке кіруде артық кедергілерді жою және мемлекеттік қызметтен шығу тәртібін жеңілдету бағытындағы жұмыстар туралы айтты.
«Б» корпусының кейбір жоғары тұрған лауазымдарына уәкілетті органның келісімімен конкурстық іріктеусіз тікелей тағайындау мүмкіндігі қарастырылды. Бұл жеке сектордан білікті және салалық тәжірибесі бар мамандарды тартуға мүмкіндік береді.
Жергілікті атқарушы органдарда, мәслихаттар аппараттарында, тексеру комиссияларында, орталық мемлекеттік органдар мен олардың ведомстволарының аумақтық бөлімшелерінде (астанадан басқа) оқу бітіргеннен кейін бір жыл ішінде жоғары үлгерімін көрсеткен (GPA) Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының үздік түлектерін мемлекеттік лауазымдарға конкурстан тыс тағайындау көзделген.
Мемлекеттік грантпен қазақстандық оқу орындарын аяқтаған үздік түлектер аудан мен ауылдардағы төменгі лауазымдарға конкурстық іріктеусіз тікелей тағайындалатын болады. Бұл білікті жас мамандардың аудан мен ауылдық аймақтарға оралуына, өңірлердегі кадр тапшылығын азайтуға септігін тигізіп, мемлекеттік қызметке кіруді жеңілдетеді.
Мемлекеттік қызметке іріктеу және қабылдау рәсімін жеңілдету мақсатында Агенттік мемлекеттік қызметке іріктеудің автоматтандырылған алгоритмін әзірледі.
Мемлекеттік қызметке іріктеуді цифрландыру – «Е-қызмет» жүйесін жаңғырту арқылы жүзеге асырылады. Конкурстық рәсімнің барлық кезеңдері онлайн түрде қашықтықтан (әңгімелесуден басқа) өткізіледі. Енді азаматтарымыз әлемнің кез келген нүктесінен және қалаған уақытында конкурсқа қатыса алады.
Іріктеу кезеңдерінен өту кезінде иесіздендіру және анонимділікті қамтамасыз ету үшін ID-нөмір беріледі. «Адами фактордың» ықпалын болдырмау үшін конкурс рәсімнің ашықтығын тәуелсіз прокторинг жүйесі қамтамасыз етеді. Осылайша, жаңа іріктеу форматына сәйкес конкурстың қорытындылары ақпараттық жүйемен дербес шығарылады.
Тестілеу жүргізілетін нормативтік құқықтық актілердің саны 9-дан 4-ке дейін қысқартылды. Іріктеу конкурсты өткізу тәртібіне сәйкес жүзеге асырылады және жеке қасиеттерді бағалау, мәтіндік және сандық ақпаратпен (SHL) жұмыс істеу қабілетін бағалау, эссе жазу, мемлекеттік органның конкурстық комиссиясында әңгімелесу кезеңдерін қамтиды.
Жаңа іріктеу ықпалдастырылған ақпараттық жүйесі арқылы 1 наурызда басталады және ағымдағы жылдың соңына дейін бес мемлекеттік органда өтеді: екі әкімдік пен үш орталық мемлекеттік орган.
Агенттікпен Мемлекет басшысының Президенттік жастар кадр резервін қалыптастыру жөніндегі бастамасы табысты іске асырылуда.
Бүгінгі күні резервке қабылданған 350 резервшінің мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарының әртүрлі лауазымдарына 262-і немесе 75% тағайындалды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ағымдағы жылдың қыркүйек айында «ПЖКР 3.0» кезекті іріктеу жоспарлануда. Алдағы іріктеудің ерекшелігі мемлекеттік органдардың салалық кадрларға деген қажеттіліктеріне негізделетін болады.
Агенттік «Б» корпусы қызметшілерінің қызметінің тиімділігін бағалаудың қазіргі уақытта қолданылатын модельден түбегейлі ерекшеленетін бағалаудың жаңа жүйесін әзірледі. Жаңа форматтағы бағалау тоқсан сайынғы негізде тиімділікті өлшеудің озық құралдарын (KPI-ға қол жеткізуді бағалау, 360 әдісі бойынша бағалау және саралау әдісі) пайдалану арқылы іске асырылатын болады.