Cемей-13°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
498.51 522.84 4.81

Елімізде экспорттаушыларға ҚҚС қайтару рәсімдері қайта қаралды

20-03-2024, 09:45 Думан Кенжеғазыұлы

ҚР Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қаржы министрі Мәди Такиев салықтық және кедендік әкімшілендіру шараларын жетілдірудің перспектвалы жоспарлары туралы баяндады.

Министрдің мәлімдеуінше, соңғы 5 жылда, салықтық және кедендік әкімшілендіру шаралары мен оларды цифрландыру есебінен, республикалық бюджет қосымша 4 трлн теңгеге толтырылды. Оның 23%-ы, немесе 932 млрд теңгесі 2023 жылы түсті.

Биыл әкімшілендіруге арналған кіріс бойынша 1,6 трлн теңгеге жоспар құрылған. Бұл – алдыңғы жылғы деңгейден 173%-ға көп.

«Аталған нақты міндетке қол жеткізу үшін бірқатар шаралар атқарылып жатыр. Біріншіден, «таза парақтан реттеу» шеңберінде салықтық тексеруді белгілеу кезінде, Тәуекелдерді басқару жүйесінің (ТБЖ) өлшемшарттары қайта қаралды. Енді олар, нақты іріктеу әдісімен жүргізіледі. Нәтижесі, айтарлықтай жақсы болып тұр. Мәселен, 2022 жылмен салыстырғанда, салықтық тексеру саны 16%-ға азайса да, салықтық өндіріп алу екі есеге ұлғайды», — деді спикер.

Оның айтуынша, биылғы бірінші жартыжылдықта тексеру жүргізу үшін, тәуекел деңгейі жоғары 760 кәсіпкерлер субъектісі іріктеп алынған. Оған қоса, ірі салық төлеушілердің, сондай-ақ мұнай секторы мен тау-металлургия кешені кәсіпорындарының салықтық әлеуетін арттыру мәселесі де белсенді пысықталуда.

Оларды тиімді әкімшілендіруде, деңгейлес мониторинг бойынша пилоттық жобаны іске асыру үлкен әлеуетке ие, ол – жаңа Салық кодексіндегі жаңашылдықтың біріне айналады.

Жоба мемлекет пен бизнес арасындағы сенімді қатынас жолын құру мүмкіндігіне байланысты, келешегі зор. Фискалдық органдар кәсіпорындардың қаржылық есептілігі мен тарихи деректеріне қол жеткізе алады, ал кәсіпорындар өз кезегінде олардың сараптамалық ұсыныстарын алады. Пилоттық жоба іске қосылғаннан бері бюджет 102 млрд теңгеге толыққан. 

Қаржы министрлігі алдын-алу тетіктерімен белсенді жұмыс жүргізіп, орын алған құқық бұзушылықты қудалағанша, оның алдын алған дұрыс деген қағиданы ұстанады. Осы мақсатта, «Электрондық шот-фактура» ақпараттық жүйесінде электрондық шот-фактураларды тіркеу немесе жазып беру кезінде адамды биометриялық сәйкестендіру функциясы іске асырылды. Бұл компанияларды бөгде адамдарға тіркеу, сондай-ақ жалған шот-фактураларды жазып беру тәуекелдерін алдын алуға мүмкіндік береді.  

«Мемлекет басшысының биылғы наурыз айындағы берілген тапсырмасын іске асыру мақсатында қосылған құн салығын қайтару рәсімдері қайта қаралды. Сондай-ақ қосылған құн салығын жедел қайтаруды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін, талдамалық жүйе әзірленді. Бұл отандық тауар өндірушілерге айтарлықтай қолдау болады. Атап өту керек, соңғы екі айда біз экспорттаушыларға қосылған құн салығын қайтару бойынша берешектің жалпы сомасының шамамен жартысын бюджеттен қайтардық. Бұл жұмыс жалғасатын болады», — деп атап өтті министр.

Кедендік әкімшілендіруде тәуекел бейіндері жетілдіріліп, жүктерді тексеру уақыты айтарлықтай азайды. Сондай-ақ қағазсыз транзит бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылып келеді, бұл да тексерулер санын азайтуға мүмкіндік береді. Жоба сынақтан сәтті өткен жағдайда, осы тәжірибені тарату жоспарланып отыр.

9 өткізу пунктін жаңғырту, және заманауи шешімдерді енгізу жалғасуда. Бұл тиісті пункттердің өткізу мүмкіндігін 6 есеге ұлғайтады, өз кезегінде жүктердің өту уақыты 2 есеге қысқарады. Барлық жұмыстар жыл соңына дейін аяқталады. Қабылданып жатқан шаралар, елдің көлік-логистикалық әлеуетін айтарлықтай нығайтуға мүмкіндік береді.

Сыртқы шекараның барлық өткізу бекеттерінде (Қытай Халық Республикасы, Өзбекстан Республикасы, Түрікменстан Республикасы) және Еуразиялық Экономикалық Одаққа мүше елдермен ішкі шекараның 7 өткізу бекетінде электрондық кезек жүйесі енгізілді. Нәтижесінде, тасымалдау процесінің ашықтығы мен жылдамдығы қамтамасыз етілді, автокөліктің жиналып қалуы барынша азайтылды. Бұл – Орталық Азиядағы жалғыз жүйе. Аталған факторлар жалдау құнына әсер етеді, тасымалдаушылар шығындарының төмендеуіне алып келеді, бұл тауардың бағасына оң әсер етеді.

Сондай-ақ өткен жылы қытай бағытына электронды форматта шетелдік рұқсат бланкілерін беру бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Өткізу мүмкіндігінің 61%-ға өсуі аталған қызметтің оң әсерін растап отыр. Бұл ретте нарықтағы отандық тасымалдаушылардың үлесі артты. Осыған байланысты, Көлік министрлігімен келісім бойынша пилоттың мерзімі, тағы бір жылға ұзартылады. Жалпы қабылданып жатқан шаралар, осы жылы кедендік төлемдерді 2023 жылмен салыстырғанда 31%-ға ұлғайтуға мүмкіндік береді. 

Мәди Такиев Қаржы министрлігінің салықтық және кедендік әкімшілендіруді цифрлық трансформациялау бойынша жүргізіп жатқан жұмысы туралы баяндады.

«Біздің басты міндетіміз – мемлекет алдындағы салықтық міндеттемелерді орындаудың барлық процесін барынша жеңілдете отырып, салық төлеушілер үшін мейлінше қолайлы жағдайлар жасау. Біріншіден. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Мемлекеттік кірістер комитетінің барлық ақпараттық жүйелеріне, тәуелсіз IT-аудит жүргізу бойынша жұмыс басталды. Оның нәтижесінде, Мемлекеттік кірістер комитетінің жаңа ақпараттық архитектурасы қалыптасады. Осыған қарамастан биыл салықтық және кедендік ақпараттық жүйелерді интеграциялауды аяқтаймыз. 14 жүйенің орнына тек 5 жүйе жұмыс істейтін болады. Осылайша, біз түбегейлі жаңа әрі біртұтас цифрлық жүйе әзірлеудеміз. Ол бизнестің жұмыс істеу циклының барлық кезеңдерінде оны қолдаудың сервистік үлгісіне айналады, бұл кәсіпкерлерге түсетін әкімшілік жүктемені айтарлықтай азайтады», — деп мәлімдеді қаржы министрі.

Бүгінде салық төлеушілер, алдағы уақытта салық төлеу және салық есептілігін тапсыру мерзімі туралы push-хабарламалар арқылы ескертіледі. «E-Salyq Business» мобильді қосымшасы, арнайы салық режимін қолданатын жеке кәсіпкерлерге салық есептілігін ұсынудан бас тартуға мүмкіндік берді. Бағдарлама кірісті автоматты түрде анықтайды және салықты есептейді. 

Мобильді қосымша 2023 жылы қыркүйекте платформалық жұмыс істеу бойынша пилоттық жобаны іске қосуға мүмкіндік берді. Бірінші кезеңде Яндекс Таксимен ынтымақтастық туралы келісім жасалды. Қазірдің өзінде Астана, Алматы қалаларында 10 мыңға жуық такси жүргізушісі жобаға қатысуда. 

Сондай-ақ бүгінде, цифрлық шешімдердің ауқымын кеңейту бойынша әзірлемелер жүргізілуде. Осы мақсатта кәсіпкерлердің пікірін ескере отырып, биыл тағы 20 қосымша қызмет түрін енгізу жоспарланып отыр. Осылайша, азаматтардың салықтарды есептеуге және оларды есептеудің дұрыстығына аз уақыт жұмсауы үшін фискалдық шараларға екпін бермей, проактивті модельге көшу жүзеге асырылды.

«Бизнесті қолдаудың толыққанды Сервистік моделі басқа уәкілетті мемлекеттік органдардың деректер қорындағы мәліметтерді толтыруды, оның ішінде олардың интеграциясын талап етеді. Биыл біз бірнеше көзден алынған деректерді талдау және бақылау мүмкіндіктерін дамыту, сондай-ақ заманауи талдау құралдарын пайдалану, Тәуекелдерді басқару жүйесін қолдану аясын кеңейту мен тәуекелдерді анықтау тұрғысынан, Электрондық шот-фактура және Тәуекелдерді басқару жүйелерінің функционалын кеңейту жұмыстарын аяқтауды, жоспарлап отырмыз. Ол жасанды интеллект элементтері негізінде талдамалық есептеулер жүргізуге, және салықтық бұзушылықтар мен тәуекел аймақтарын белсенді түрде анықтауға мүмкіндік береді», — деді спикер.

Министрдің ақпаратына сүйенсек, «АСТАНА-1» және «Бір терезе» ақпараттық жүйелерінің қолданыстағы функционалын, жаңадан құрылған «КЕДЕН» ақпараттық жүйесіне беріледі. Аталған жүйе аясында басқа да пайдалы жаңа қызметтер мен модульдер әзірленетін болады.

Сонымен қатар Қаржы министрлігі бойынша, көптеген мәселені шешетін жаңа цифрлық платформа құру жұмыстары бастады, ол:

  • бюджетті жоспарлаудан бастап, игеруге дейінгі бюджетті алдын ала бақылауды жүзеге асыруға;

  • отандық өндірушілер туралы толық талдау жасауға, оның ішінде компаниялар мен өндіріске мемлекеттік қолдау шараларының, жеңілдіктер мен басқа факторлардың әсеріне қатысты және тағы басқа өзекті мәселелерді шешуге мүмкіндік береді.

«Қаржы министрлігі биыл бюджеттің кірістер бөлігінің атқарылуы, салықтық және кедендік әкімшілендіруді жетілдіру, олардың процестерін цифрландыру бойынша кешенді жұмыстарды жалғастыратын болады», — деп қорытындылады Мәди Такиев. 

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив