Абай облысында зияткерлік додаға 200-ден астам бала қатысты
Еліміз бойынша 8-сынып оқушыларына арналған IQanat Олимпиадасы өтті. Абай облысынан 247 бала Олимпиадаға қатысты.
Оқушылар математика, физика, биология, химия, Қазақстан тарихы және география пәндерінің бірі бойынша тестілеуден өтті. Сонымен қатар қатысушылар математикалық сауаттылық, логикалық және сыни ойлау бойынша міндетті тестілеуден өтіп, ағылшын тілінен тест тапсырды. Сайыс қорытындысы бір айдан кейін белгілі болады. Үздік көрсеткіш көрсеткен оқушылар маусым айында Алматы қаласында өтетін республикалық кезеңге жолдама алады.
Ақтық кезең үздіктердің бір бөлігі Бурабайдағы IQanat мектеп-пансионатына тегін оқуға, ал екінші бөлігі – Олимпиададан кейінгі үшжылдық тегін қолдауға қабылданады. Балалар ҰБТ-ға, халықаралық емтихандарға қарқынды дайындалып, ағылшын тілін, ІТ-дағдыларды, soft skills, кәсіпкерлікті және басқа да салаларды оқиды.
Айта кету керек, биыл облыста IQanat Олимпиадасы екінші рет ұйымдастырылды. Қазақстанның барлық өңірінен 10 мыңнан астам бала бақ сынасады. 70%-ға жуығы әлеуметтік осал отбасылардан шыққан. Ал оның ішінде 91%-дан астамы көп балалы отбасылардан болса, 13%-ы толық емес және 4%-ы көпбалалы және толық емес отбасылардан.