Сенаторлар: Іске асып жатқан инновациялық жобалар кәсіпорындар мен экономиканың нақты секторынан сырт қалған
Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің депутаттары Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру шеңберінде Қазақстан Республикасының инновациялық әлеуетін дамыту» тақырыбына арналған дөңгелек үстел өткізді.
Комитет төрағасы Сүйіндік Алдашев дөңгелек үстел отырысын аша келіп, еліміздің экономикалық дамуы мен бәсекеге қабілеттілікті арттыруда және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуда инновацияның маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
«Қазақстанның инновациялық экономикасын дамыту бойынша қабылданып жатқан шараларға қарамастан, бұл процесті тежейтін бірқатар проблемалық мәселелер бар. Біздің комитет дөңгелек үстелге дайындық аясында 10 жұмыс отырысын өткізді. Бірқатар проблемалық мәселелер анықталды. Бүгінгі кездесу барысында проблемалық мәселелер ғана емес, оларды шешудің нақты жолдары, оның ішінде қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу де егжей-тегжейлі талқыланады», - деді Алдашев.
Сенатор Шәкәрім Бұқтығұтов өз кезегінде әртараптандырылған экономика құру мәселесіне тоқталды. Ол 2021 жылы «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң аясында технологиялық саясатты қалыптастыруға бағытталған бірқатар заңнамалық нормалар қабылданғанын атап өтті. Алайда, сенатордың пікірінше, оларды іске асыру инновацияны дамытуда айтарлықтай нәтиже мен сапалы секіріс берген жоқ.
«Әлі күнге дейін инновация ұғымы мен оның құрамдас бөліктері туралы түсінік аз. Инновацияны қалай дамыту керектігі туралы өнеркәсіпте де, университетте де, мемлекеттік секторда да нақты түсінік жоқ. Іске асып жатқан инновациялық жобалардың өндірістік кәсіпорындар мен экономиканың нақты секторының қажеттілігінен алшақтығы инновациялық жүйені қалыптастыру жолындағы елеулі кедергі болып отыр», - деді сенатор.
Дөңгелек үстел барысында цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, ғылым және жоғары білім, энергетика министрліктерінің, «Самғау» ғылыми-технологиялық бастамалар орталығы» қорының және «Инновациялық технологиялар паркі» қорының өкілдері де баяндама жасады.
Суретті түсірген: А. Байжұманов