Cемей-9°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
513 541.16 4.69

Сенаторлар ЕАЭО аясында тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңды мақұлдады

29-03-2024, 12:46 Думан Кенжеғазыұлы

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар күн тәртібіне шығарылған заңдарды қарап, депутаттық сауалдарын жолдады.

Отырыс барысында депутаттар «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады.

Хаттама Еуразиялық экономикалық одақтың қолданыстағы құқығында кездесетін техникалық реттеу, ветеринариялық-санитариялық және карантиндік фитосанитариялық шаралар, тұтынушылардың құқықтарын қорғау, тарифтік емес реттеу және мемлекеттік сатып алу мәселелеріне қатысты олқылықтарды жоюға арналған. Заңда қарастырылған түзетулер мүше мемлекеттердің ЕАЭО-ның карантинге жатқызылған нысандарының бірыңғай тізбесіне қосылмаған зиянды организмдерге қатысты шұғыл фитосанитариялық шаралар қабылдауды, электрондық форматта өткізілетін сатып алуға қатысуға қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін ұлттық электрондық цифрлық қолтаңбаларды өзара тануды, сондай-ақ, тауарларды әкелу және әкету кезінде рұқсат құжаттарын ресімдеу процесін оңайлатуды көздейді.

Палата отырысында сенаторлар «2000 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Азаматтардың өзара сапарларының шарттары туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды да қарап, мақұлдады.

Сенат Төрағасы атап өткендей, бұл құжат екі ел азаматтарының көші-қоны саласында қосымша оңтайлы құқықтық жағдайлар қарастырады. Хаттамада, егер тараптар азаматтарының екі елде болу кезеңі шекараны кесіп өткен кезден бастап күнтізбелік 30 күннен аспайтын болса, құзыретті органдарда тіркеусіз олардың аумақтарында болуының оңайлатылған тәртібі қарастырылған. Осылайша, екі мемлекет азаматтардың өз аумақтарында болуының өзара мерзімін уақытша тіркеусіз 5 күннен 30 күнге дейін ұлғайтты.

«Қазақстан мен Өзбекістан мемлекеттері арасында берік бауырластық қарым-қатынас қалыптасқан. Елдеріміз қол қойған Мәңгілік достық туралы және Одақтастық туралы шарттар соның айқын дәлелі. Бүгін қаралған Хаттама екі ел азаматтарына өзара сапар кезінде қосымша оңтайлы құқықтық жағдайлар орнатуды көздейді. Жалпы, мақұлданған заң тату көршiлiк қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға өз үлесін қосады деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар отырыс кезінде сенаторлар депутаттық сауалдарын жолдады.

Жанболат Жөргенбаев сенаторлардың ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты бұған дейін жолдаған депутаттық сауалдарына Үкімет тиісті деңгейде жауап бермегенін тілге тиек етті. Сондай-ақ ол агробизнестің қалыптасуы мен дамуының барлық аспектілерін қамтитын кешенді бағдарлама дайындау қажет екеніне тоқталды.

Сәкен Арубаев жастардың Қазақстан тарихын жақсы білмейтініне, қазақ тілі өзінің бірегейлігінен айырылып бара жатқанына және қасиетті домбыра харам дейтін үгіттің бар екеніне наразы болды. Сондықтан депутат ұлттық сана мен рухани құндылықтарды нығайту тұжырымдамасын әзірлеуді ұсынды.

Бекбол Орынбасаров утилалым мен кедендік төлемдер мөлшерін және импорттық автомобильдерді тіркегені үшін төленетін соманы төмендетуді ұсынды. Сенатор шетелдік көліктердің қазіргі бағасы қазақстандықтардың көпшілігі үшін тым жоғары екенін айтты.

Андрей Лукин Үкіметтің назарын заңсыз алтын өндіру және сату мәселесіне аударды. Депутат қосымша бейнебақылау камераларын орнатуды, шахталарды талшықты-оптикалық арналармен жабдықтауды және басқа да қауіпсіздік шараларын қолға алып, нысандарды бақылауды күшейту керектігін айтты.

Нурия Ниязова жалпы білім беретін мектеп педагогтарының жалақысы көтерілгенімен, әлі күнге дейін мамандандырылған балалар үйлерінің педагог қызметкерлерінің жалақысы көбеймегенін атап өтті. Бір жыл бұрын сенаторлар жолдаған депутаттық сауалға қарамастан, мәселе шешілмей отыр. Мұндай олқылық аталған мекемелерден жоғары білікті кадрлардың кетуіне әкеліп соқтырады.

Суретті түсірген: Н. Байбулин

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив