Әскери ұшқыштар су басқан аймақтардан екі мыңға жуық адамды эвакуациялады
Қарулы күштердің әскери қызметшілері республикалық және өңірлік жедел штабтармен келісе отырып, табиғи апат орын алған аймақтардағы жұмысын жалғастыруда.
Өткен тәулікте су тасқынына қарсы іс-шараларға 361 әскери қызметші, 15 бірлік автокөлік техникасы, 5 тікұшақ және әскери-көліктік авиация ұшағы жұмылдырылды.
Ақтөбе облысының елді мекендерінен Әуе қорғанысы күштері мен әскери ұшқыштар дайындайтын институттың тікұшақтарымен 128 адам, оның ішінде 27 бала эвакуацияланды. Дағдарыс аймақтарына шамамен 10 000 келі жүк жеткізілді. 29 адам тасымалданды. Олардың ішінде ТЖМ, әкімдік, бұқаралық ақпарат құралдары және Әуе қорғанысы күштері әскери институтының инженерлік-техникалық құрамының өкілдері бар.
Абай облысында Семей қ. авиабазасының ұшқыштары ТЖМ қызметіне ауданның үстінен айналып қарап шығуына көмек көрсетіп, Оба өзенінде мұзды жару жұмыстарына мамандар жеткізді.
Қарағанды облысы Нұра ауданы Нұра, Мыңбаев, Егінді және Көбетей ауылдарында да су тасқынына қарсы іс-шаралар жалғасты. Ол жерге 122 әскери қызметші және 7 автокөлік техникасы жұмылдырылды. 1400-ден астам қап құм дайындалып, төселді, ағын су арналары қардан тазартылды және екі жеке үйдің айналасындағы су сорылды. Елді мекендердің айналасында және Нұра өзенінің бойында үйінді жасалды.
Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы, Ақшат ауылында «Батыс» өңірлік қолбасшылығы 30238 әскери бөлімінің әскери қызметшілері 700 қап құм дайындап, оларды төсеу жұмыстарын жүргізді. Батыс Қазақстан облысының аумақтық қорғаныс бригадасы құм салынған қаптарды дайындауға және жергілікті тұрғындарды су басқан үйлерден алып шығуға тартылды. «Батыс» өңірлік қолбасшылығы 41443 әскери бөлімінің жеке құрамы Атырау облысы, Жылыой ауданы, Ақкиізтоғай ауылындағы бөгетті күшейту жұмыстарын жүргізді.
Әуе қорғанысы күштері әскери институтының әскери қызметшілері Ақтөбе облысының Кирпичный, Ақжар, Ақшат елді мекендерінде патрульдеуді жүзеге асырды.
Су тасқынының салдарын жоюға 27 наурыз бен 2 сәуір аралығында барлығы 964 әскери қызметші, 55 бірлік автокөлік техникасы, 14 тікұшақ және 2 әскери-көліктік авиация ұшағы жұмылдырылды.
Қарулы күштердің бортымен 1 979 адам эвакуацияланды, оның 584-і бала. Тікұшақтар 230 мәрте ұшып, 40 000 келіге жуық гуманитарлық жүк тасымалдады. 19 700-ден астам құм салынған қап дайындалып, төселді.
Су тасқынына қарсы іс-шаралар әлі де жалғасады.