ҚР Энергетика министрлігі шетелдік азаматтар үшін бензин мен дизель отынының бағасы өзгерген бұйрықтың жобасын жариялады
Ішкі нарықта отын балансын сақтау, сондай-ақ мұнай өнімдерінің ағындары мен "сұр" экспортының тәуекелдерін азайту мақсатында ҚР Энергетика министрлігі автокөліктің тұтыну көлемі мен шығу тегіне байланысты Аи-92, Аи-93 бензині мен дизель отынына нақтыланған бағалары бар бұйрық жобасын дайындады.
Қазіргі уақытта бағаны мемлекеттік реттеуге байланысты Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасында жанар-жағармай құны ең төмен ел болып табылады, бұл мұнай өнімдерінің басқа елдерге ағындары мен "сұр" экспортының жоғары тәуекелдеріне әкеледі.
Бұйрық жобасымен АИ-92 және Аи-93 маркалы бензиннің бағасы литріне 245 теңге деңгейінде белгіленеді деп болжанады. Қазақстан Республикасында берілген жүргізуші куәлігін көрсеткен кезде тәулігіне 100 литрге дейінгі көлемде баға литріне 205 теңге қалпында өзгеріссіз қалады. Қазақстан Республикасында берілген мотоциклдерге, жеңіл, жүк, арнайы, мамандандырылған автомобильдер мен автобустарға жүргізуші куәлігі мен көлік құралын тіркеу туралы куәлік ұсынылған кезде тәулігіне 300 литрге дейін – литріне 205 теңге көлемінде.
Құжатта дизель отынының бағасы (жазғы, маусымаралық) литріне 315 теңгені құрайды деп болжанады. Қазақстан Республикасында берілген жүргізуші куәлігін көрсеткен кезде тәулігіне 100 литрге дейін литріне 295 теңге; Қазақстан Республикасында берілген жүк, арнайы, мамандандырылған автомобильдер мен автобустарға жүргізуші куәлігін және көлік құралын тіркеу туралы куәлікті көрсеткен кезде тәулігіне 300 литрге дейін– литріне 295 теңге.
Осылайша, жүргізуші куәлігі мен көлік құралын Қазақстан Республикасында тіркеу туралы куәлігі бар азаматтар үшін ЖЖМ бағасы өзгеріссіз қалады.
Бұйрықтың жобасы барлық мүдделі тараптардың талқылауы мен ұсыныстары үшін "Ашық НҚА" сайтында жарияланды. Қорытынды шешім мүдделі тараптардың ұсыныстарын ескере отырып, барлық рәсімдер аяқталғаннан кейін қабылданады.
ҚР Энергетика министрлігі қазіргі уақытта ЖЖМ қорларын өндіру, тиеу және толықтыру үздіксіз жүргізіліп жатқанын, ішкі нарықта мұнай өнімдерінің едәуір қоры бар екенін, ЖЖМ-мен қамтамасыз ету жағдайы тұрақты екенін хабарлайды.