Астанада ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер қорғаныс ведомстволарының медициналық қызмет өкілдері кездесті
Қазақстанның Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына төрағалық етуі шеңберінде қорғаныс министрліктері медициналық қызмет өкілдерінің жұмыс кездесуі өтті.
Іс-шара ҚР Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығында өтті. Оған қатысушыларға арнап Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Қаныш Әбубәкіров сөз сөйледі.
Министрдің орынбасары әскери дәрігерлерді жеке құрамды медициналық қамтамасыз етуді ұйымдастыру жүйесімен және ҚР Қарулы күштерінің Әскери-медициналық мекемелерін дамыту бағыттарымен таныстырды. Ол ҰҚШҰ шеңберінде тәжірибе алмасу, кадрлар даярлау және бірлескен оқу-жаттығулар нәтижесінде пайда болған ынтымақтастық әлеуетін атап өтті.
Отырысқа қатысушылар 2024 жылы ҰҚШҰ ұжымдық күштерінің бірлескен даярлық шараларында медициналық қамтамасыз ету мәселелерін қарады. Бас әскери-медициналық басқарманың бастығы медициналық қызмет полковнигі Ержан Смайыл ҚР Қарулы күштері медицина мамандарының бітімгерлік бөлімшелері құрамындағы қызметі туралы айтты.
Беларусь Қорғаныс министрлігінің өкілі Беларусьте өткен «Тосқауыл-2023» оқу-жаттығуында медициналық қамтамасыз ету тәжірибесімен бөлісті. Тараптар одан өзге Ресейде осы жылдың қараша айына жоспарланған ғылыми-практикалық конференцияға дайындыққа байланысты мәселелерді де талқылады.
Бағдарламаға сәйкес жұмыс кездесуіне қатысушылар ҚР Қорғаныс министрлігінің Бас әскери клиникалық госпиталіне барады.