Сенат Спикері талдау саласында Big Data-ны қолдануға арналған семинарға қатысты
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев аналитиктерге Big Data-мен жұмыс істеу және ЖИ-ді қолдану тәсілдерін үйрететін семинардың ашылуына қатысты. Курсқа Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубының мүшелері және Талдау мектебінің осы салада белсенділігімен танылып жүрген түлектері қатысып жатыр.
Мәулен Әшімбаев Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп Big Data бойынша семинар өткізу Сенаттың Талдау мектебі мен Жас сарапшылар клубы аясындағы жұмыстарының лайықты жалғасы екенін атап өтті. Мұндай жобалар жас мамандардың талдау дағдыларын жетілдіруді, кәсіби сараптамалық қауымдастықтарды біріктіруді және сол арқылы Қазақстандағы талдамалық жұмыстың сапасын арттыруды көздейді.
Айта кетейік, қазіргі таңда Сенаттың сараптамалық алаңдарына қатысушылар 200 адамнан асады. Олар – түрлі салада еңбек етіп жүрген жас мамандар.
Іс-шарада алдағы дәрістер аясында Smart Data Ukimet үлкен деректер платформасын игеру бойынша практикум өткізілетіні айтылды. Бұл жүйе 90-нан астам мемлекеттік органның ақпараттық жүйелерінен алынған деректерді біріктіреді және Ұлттық ЖИ платформасы саналады.
Семинарға Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, жасанды интеллект технологияларын дамыту жөніндегі сарапшылар және мемлекеттік деректер базасының жұмысын қамтамасыз ететін компаниялардың өкілдері қатысты.