Қазақстан Президенті Армения Премьер-министрімен шағын құрамда келіссөз жүргізді
Ереванға ресми сапармен келген Қасым-Жомарт Тоқаевты Мемлекеттік резиденцияда Армения Премьер-министрі Никол Пашинян қарсы алды.
Құрмет қарауылының бастығы екі ел басшыларына рапорт берді. Қазақстан мен Арменияның мемлекеттік әнұрандары орындалған соң Қасым-Жомарт Тоқаев пен Никол Пашинян бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды.
Содан кейін Мемлекет басшысы Армения Премьер-министрімен шағын құрамда келіссөз жүргізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл ресми сапарына ерекше мән беретінін және оны екіжақты қарым-қатынастарды дамытудың маңызды кезеңіне жол ашатынын атап өтті.
Қазақстан Президенті екі ел арасындағы байланыстардың барлық бағыты бойынша ынтымақтастықты арттыру үшін мол әлеует бар екенін айтты.
Өз кезегінде Никол Пашинян өзара байланыстардың қарқынды дамып келе жатқанына тоқталып, армян-қазақ қатынастарын жаңа деңгейге көтеру үшін бірлесе әрекет етуге дайын екенін мәлімдеді.
Келіссөз барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Никол Пашинян сауда-экономикалық, көлік-транзиттік, инвестициялық, өңірлік және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Тараптар өңірлік тұрақтылық және қауіпсіздік мәселелеріне айрықша назар аударды.
Шағын форматта өткен келіссөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Никол Пашинян Қазақстан мен Армения арасындағы көп қырлы байланыстарды одан әрі нығайтуға бейілді екенін растады.