С. Жақыпова Қостанай облысындағы эвакуациялық пунктке барды
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Қостанай облысына жұмыс сапары барысында Ш. Қабылбаев атындағы ҚР ІІМ Қостанай Академиясының ғимаратында ұйымдастырылған эвакуациялық пунктке барды. Сондай-ақ, ол «Сосновый бор» шипажайында орналасқан су тасқынынан зардап шеккендердің тыныс тіршілігімен танысты.
Светлана Жақыпова жұмыс сапарын ҚР ІІМ Қостанай академиясындағы эвакуациялық пунктке барудан бастады. Мұнда 31 адам уақытша орналастырылған. Су тасқынынан зардап шеккендерге барлық қажетті медициналық және психологиялық көмек көрсетілуде, күніне үш рет тамақтандырылады, сондай-ақ адамдар бірінші кезекте қажетті құралдармен қамтамасыз етілген.
Бұдан кейін ЕХӘҚМ басшысы Алтынсарин ауданындағы «Сосновый бор» шипажайына барды, онда мүгедектігі бар адамдар, зейнеткерлер және толық емес отбасыларды қоса алғанда, су тасқынынан зардап шеккен 23 адам орналастырылған.
«Еліміздегі қазіргі жағдай күрделі болып отыр. Осыған орай мемлекет табиғи су апатына қарсы күрес бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауда, сондай-ақ зардап шеккендерге түрлі қолдау шараларын көрсетуде. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ТЖ режимі жарияланған қалалар мен аудандарда 5 мың отбасына мемлекеттік органдарға жүгінбей атаулы әлеуметтік көмекті автоматты түрде тағайындауды жүзеге асырды. Сондай-ақ, ТЖ режимінің қолданылу кезеңінде балаларды қоса алғанда, 4 мыңға жуық адам үшін мүгедектікті қайта куәландыру мерзімдері автоматты түрде ұзартылды. Мүгедектігі бойынша жәрдемақы төлеу бұрын белгіленген топ бойынша жүзеге асырылады.
Қостанай облысы әкімдігінің мәліметінше, су тасқыны кезінде өңірде 9 114 адам құтқарылып, эвакуацияланды, уақытша орналастыру пункттерінде 181 адам қоныстанған.