Олжас Бектенов отандық тауар өндірушілерді қолдау және су тасқыны жағдайын болжауға арналған цифрлық құралдармен танысты
Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша отандық тауар өндірушілерді қолдауға арналған цифрлық құралдар әзірленді.
Атап айтқанда, әзірленген жүйелер әрбір өндірістік кәсіпорынның жұмысын қадағалауға, мемлекеттік органдар тарапынан олардың мүдделеріне нұқсан келтіру фактілерін онлайн режимінде анықтауға мүмкіндік береді.
Мақсат – ел нарығындағы импорт үлесін төмендету үшін отандық өнімнің дамуына қосымша серпін беру.
Қазақстанның бірқатар өңірлеріндегі су тасқыны жағдайын ескере отырып, су тасқынын моделдеу және су қоймаларының деңгейін болжау жүйесінің прототипі қаралды. Тәжірибелік үлгіні әзірлеу аясында дренажды моделдеу және есептеу алгоритмдері жасалды, бірнеше өзен учаскелерінде пилоттық сынақтар жүргізілді. Цифрлық құрал реттелетін және реттелмейтін дренажды есептеуге, сондай-ақ берілген су деңгейіндегі су тасқыны аймағын картада көрсетуге мүмкіндік береді.
Үкімет басшысы Олжас Бектенов ұсынылған цифрлық шешімдерді сараптамалық талқылау қорытындысына сәйкес жобаларды мақұлдап, пилоттық режимде енгізу шараларын бастауды тапсырды.
Премьер-Министр су тасқынынан келтірілген залалды өтеуге өтінімдер қабылдау қызметін қысқа мерзімде іске қосуды, сондай-ақ қолда бар бейнебақылау камералары арқылы онлайн режимде су тасқынына қарсы іс-шаралардың орындалуын есепке алу және бақылау жүргізуді тапсырды.
«Мемлекет басшысы өз Жолдауында Қазақстанды IT-елге айналдыру үшін стратегиялық маңызды міндет қойды. Дұрыс басқарушылық шешімдерді қабылдау үшін сапалы жедел ақпаратқа қол жеткізіп, жаңа технологияларды қолдану керек. Ұсынылып отырған тәсілдерді экономиканың басқа салалары бойынша кеңейту қажет. Барлық құралдар мен мәліметтер қолжетімді. Деректер алмасуды және жүйелерді интеграциялауды дұрыс жолға қою керек», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусинге деректердің уақтылы жаңартылуын және цифрлық құралдарды өмірдің барлық салаларына жедел енгізуді қамтамасыз ету тапсырылды.