Мәулен Әшімбаев Оксфорд ислам зерттеулері орталығының директорымен кездесті
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Оксфорд ислам зерттеулері орталығының директоры Фархан Ахмад Низамимен кездесті. Іс-шара барысында ғылыми-зерттеу және рухани дипломатия саласындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды.
Палата Спикері қазақстандық ғалымдармен белсенді байланыс орнатқаны үшін Фархан Ахмед Низамиге алғыс білдіріп, бұл қазіргі жаһандық мәселелерді шешуге екі тараптың ғылыми қауымдастығын жұмылдыру жолындағы маңызды қадам екенін атап өтті.
Сонымен қатар ол Қазақстан «Бірлік – әралуандықта» қағидатына табан тірейтінін айтып, Оксфорд ислам зерттеулері орталығымен байланысты одан әрі арттыруға мүдделі екенін жеткізді.
Кездесу барысында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезінің бейбітшілік, сенім және диалог мәдениетін дәріптеудегі рөлі туралы да сөз болды. Сондай-ақ Съездің алдағы 10 жылға арналған Даму тұжырымдамасында көзделген міндеттерді бірлесіп іске асырудың маңызды екені айтылды.
Өз кезегінде Фархан Ахмад Низами кездесу үшін Мәулен Әшімбаевқа алғыс білдіріп, екі тарап арасындағы байланыстарды және ғылыми-зерттеу бағытындағы ынтымақтастықты арттыруға бейіл екенін жеткізді.