“Көмегіңіз қажет”: СҚО полициясы алаяқтық туралы еске салды
СҚО полициясы су тасқынынан зардап шеккендерге көмек жинау туралы әр үшінші хабарландыру – алаяқтардың әрекеті екенін айтты.
Бұл – су тасқыны кезінде WhatsApp мессенджерінде құрылған чаттарға солтүстікқазақстандық полицейлер жүргізген мониторингтің нәтижесі.
Петропавлдың шеткі аудандарын терең су басқаннан кейін WhatsApp мессенджерінде топтар құрылып, оларға қаланың және облыстың тұрғындары кіріп қосыла бастады. Бұл топтарда адамдар тасқын барысында туындаған проблемаларды талқылайды, ойларымен бөліседі, зардап шеккендерге көмек ұйымдастырады. СҚО полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері топтардың әкімшілерімен үнемі байланыста, алаяқтық белгілері бар болуы мүмкін әрбір ақпаратты тексереді.
– Соңғы уақытта су тасқынынан зардап шеккен адамдардың банктік карталарының нөмірлері және көмек сұрау туралы өтініштері көрсетілген хабарландырулар тарап кетті. Олардың барлығын көптеген тұрғындар көрді. Киберқылмысқа қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері осындай хабарландыруларды, нақтырақ айтқанда, суретте, мәтінде көрсетілген адамдар жайлы, олардың есепшоттары туралы мәліметтердің шынайылығын жіті тексереді. Үш күн ішінде алты үлкен чатта 50-ге тарта жалған хабарландыру анықталды. Олардың арасындағы көмек туралы әр үшінші хабарландыру жалған болып шықты. Хабарландырулар жойылды, авторлардың чаттардағы нөмірлері бұғатталды, – дейді СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Иван Терзиди.
Алаяқтардың көздегені – қиын-қыстау кезеңде адамдардың жағдайын пайдаланып, оңай олжаға кенелу. Сондықтан полицейлер қаржылық сұрақтармен байланысты кез келген ақпараттың шынайылығына көз жеткізуге және барынша сақ болуға кеңес береді.
СҚО тұрғындары күмәнді хабарландырулар мен сілтемелерді тексерту үшін криминалдық полиция басқармасының қызметкеріне + 7 747 429 0203 WhatsApp нөміріне жібере алады.