Саяси партиялардың Абай облысындағы филиалдары ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды
Түрлі партиялардың облыстық филиалдарының өзара ынтымақтасып, бірлесе жұмыс жасау үшін тиісті құжатқа қол қоюы республикамызда алғаш рет орын алып отыр. Бүгінгі күні Абай облысында «Amanat» партиясы, «Қазақстан Халық партиясы», «Ақжол Қазақстан демократиялық» партиясы, «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы» ҚБ, Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, «Respublica» партиясы сынды саяси институттардың филиалдары тіркелген. Бүгін олар бас қосып, алдағы уақытта бірлесе жұмыс жасауға уағдаласты.
Меморандумға қол қою шарасына облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев қатысып, филиал жетекшілерінің өтініштеріне құлақ түрді.
Бұдан бөлек, Нұрлан Ұранхаев облыс құрылғалы атқарылған шаруаларға қысқаша тоқталып, болашаққа жоспарланған істер жайлы ойын ортаға салды. Сондай-ақ, кез-келген мәселе де өзінің ашық екенін айтып, бұл кездесудің бұнымен ғана шектеліп қалмайтындығын тілге тиек етті.
Кездесу барысында партия филиалдарының жетекшілері облысымыздың қоғамдық-саяси, әлеуметтік ісіне белсене араласып бірге жұмыс жасауға дайын екендіктерін атап өтті.