Жайық өзенінің бойындағы елді мекендердің жағдайы күрделі
Жайық өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты жер білігі арқылы су жүрді. Орал қаласының шетінде орналасқан саяжай аумақтарын су басты. Батыс Қазақстан, Қызылорда облыстары, Астана қаласы ТЖД құтқарушылары және ТЖМ 28237 әскери бөлімінің әскери қызметшілері оқиға орнындағы саяжай үйлерінде тұрғындардың бар-жоғын тексеріп, өзен жағасын бекіту, қапшықтар және инертті материалдар төсеу, су сору жұмыстарын жүргізуде. Бұл туралы ОКҚ брифингінде ҚР ТЖМ өкілі Асқар Шәріп мәлім етті.
«Бұл өңір тұрғындары алдын ала эвакуацияланған болатын. Әуе кемесімен жергілікті жерде әуеден барлау жүргізіліп, сондай-ақ пилотсыз ұшу аппараты көтерілді. Жергілікті полиция қызметкерлері оқиға орнында жұмыс атқаруда. Ақтөбе облысынан және 52859 әскери бөлімінен ТЖМ, сондай-ақ Ішкі істер министрлігінің қосымша күштер мен құралдар Батыс Қазақстан облысына жіберілді», - деді спикер.
Жайық өзенінің су деңгейіне мониторинг жалғасуда, азаматтарды құлақтандыру және телерадио арқылы хабарландыру әр 4 сағат сайын жүргізіледі.
Осы сағатта 23 085 адам өз үйлеріне оралды. 4 551 тұрғын үйден судың бағыты бұрылды. Авариялық-құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстар тәулік бойы жүргізілуде.