Сенаторлар: Автомобиль жолдарын жөндейтін мердігерлердің жауапсыздығынан халық зардап шегіп отыр
Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің депутаттары Жетісу және Алматы облыстарында автомобиль жолдарын дамыту тақырыбы бойынша жұмыс отырысын өткізді.
Сенатор Жанболат Жөргенбаев өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көлік және логистика саласын дамытуға ерекше назар аударып отырғанын атап өтті. Алайда, еліміздегі жолдардың жағдайы сын көтермейді.
Депутаттар алдында сөз алған Алматы облысы әкімінің орынбасары Алмас Батанов өңірдегі ахуал туралы айтып берді. Ол ағымдағы жылы 20,8 млрд теңге қаржы сомасына 214 шақырым облыстық маңызы бар жолдарды жөндеу жоспарланғанын хабарлады. Ал облыс әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов сенаторларға өңірде 55 елді мекенде жолдар мен ішкі көшелерді жөндеуді көздейтін 29 жобаны іске асыру жоспарланып отырғанын айтты.
Отырыс барысында сонымен қатар көлік министрінің орынбасары Сәтжан Аблалиевтің, «Қазавтожол» Басқарма төрағасы Дархан Иманашевтің және басқа да мүдделі мекемелер өкілдерінің баяндамалары тыңдалды.