Сенатта денсаулық сақтау және дәрі-дәрмекке қол жеткізу саласындағы халықаралық ынтымақтастық туралы заңдар талқыланды
Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің депутаттары кеңейтілген отырыста «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы санитариялық-эпидемиологиялық сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларға ден қою жөніндегі ынтымақтастығы туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды талқылады.
Келісім ТМД-ға қатысушы мемлекеттер арасындағы қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты және биологиялық қатерге қарсы іс-қимылдың ұжымдық жүйесін дамытудың құқықтық негізін нығайтуға бағытталған. Құжатта төтенше жағдайларды жоюдағы ТМД мемлекеттеріне көмек көрсету тәртібі реттеледі және мамандандырылған эпидемияға қарсы бригадалар құру көзделіп отыр. Сондай-ақ жұмыстың негізгі бағыттары мен оларды пайдалану шарттары айқындалады.
Сенаторлар қолжетімді медицинаға мұқтаж елдердің дәрілік препаратқа қол жеткізуді жеңілдетуге бағытталған «Зияткерлік меншік құқықтарының сауда аспектілері жөніндегі келісімге толықтыру енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды да қарады. Хаттама Дүниежүзілік сауда ұйымына қатысушы елдерге патенттелген дәрі-дәрмекті экспортқа мәжбүрлеу лицензиясы бойынша құқық иесінің рұқсатынсыз дәрілік заттарды өндіру құқығын береді. Құжатта мәжбүрлі лицензияларды беру шарттары нақтыланған. Атап айтқанда, кейіннен экспортқа мәжбүрлеу лицензиясы бойынша дәрілік заттар өндірісі нақты импорттаушы елдің қажеттіліктері үшін қажетті көлемде жүзеге асады деп көзделіп отыр.
Сенаторлардың айтуынша, заңның қабылдануы дәрілік препараттарға қолжетімділікті жеңілдетуге, елдегі фармацевтика өнеркәсібін дамытуға жәрдемдесуге, сондай-ақ сауданы дамыту үшін Қазақстанның әлемдік нарықтарға қол жеткізуіне қолайлы жағдайлар жасауға ықпал ететін болады.
Комитет мүшелері талқылау қорытындысы бойынша заңды Палата отырысында қарауға жіберу туралы шешім қабылдады.