Cемей-11°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
499.51 525.83 4.62

Қазақстан Сыртқы істер министрінің Таиландқа ресми сапары туралы

23-04-2024, 20:03 Мадина Айдарова

Таиланд Корольдігі Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Парнпри Бахиддха-Нукараның шақыруымен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің Таиландқа ресми сапары өтті.

Келіссөздер барысында тараптар саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы қазақ-тай қатынастарының қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын талқылады.

Министрлер Қазақстан мен Таиландтың жаһандық саяси күн тәртібіндегі негізгі мәселелер бойынша, әсіресе Азия континентіндегі ядролық қаруды таратпау және қауіпсіздік салаларындағы ұстанымдарының ұқсастығын атап өтті. Осы тұрғыда БҰҰ, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес және Азиядағы ынтымақтастық диалог сияқты алаңдарда ынтымақтастықты жалғастыруға өзара мүдделілік білдірілді.

ҚР СІМ басшысы М. Нұртілеу екі елдің сауда саласындағы өзара қызығушылықтың дәйекті өсуіне ерекше назар аударды. Ковидтен кейінгі кезеңде екіжақты тауар айналымының өсуі қанағаттанушылықпен аталып өтті, 2023 жылдың қорытындысы бойынша ол тарихи максимум 367 млн АҚШ долларына жетті.

«Таиланд – Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азия өңіріндегі ең ірі және сенімді серіктесі. Отыз жылдық берік дипломатиялық қарым-қатынастар барысында мемлекеттеріміз арасындағы тұрақты байланыстар жан-жақты және жемісті өзара іс-қимылға жол ашты», – деп мәлімдеді М. Нұртілеу.

Тараптар ауыл шаруашылығы және азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы ынтымақтастықтың елеулі әлеуетін белгіледі. Іскер топтардың байланыстарын жандандыру және екі ел арасындағы тауарларды тасымалдаудың неғұрлым қолайлы жолдарын іздеу қажеттілігіне назар аударылды.

«Елдеріміз арасында сындарлы диалог орнатылды, көптеген мәселелер бойынша мемлекеттеріміздің ұстанымдары сәйкес келеді. Қазақстан – Орталық Азиядағы басты серіктесіміз», – деп атап өтті тай министрі.

Туризм саласындағы ынтымақтастық белсенді дамып келеді, елдер арасында тікелей әуе рейстерінің саны өсуде. Мәселен, 2023 жылы Таиландқа 172 мың қазақстандық турист барды, бұл 2022 жылғы көрсеткіштен 2,5 есе жоғары.

Сапар қорытындысы бойынша сыртқы саяси ведомстволардың басшылары Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Таиланд Корольдігінің Үкіметі арасында ұлттық паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімге қол қойды. Осы құжатқа сәйкес екі елдің азаматтары елге кірген күннен бастап 30 күнтізбелік күнге дейін бір-бірінің аумағында визасыз бола алады. Келісім тараптар мемлекетішілік рәсімдерді аяқтағаннан кейін күшіне енеді.

Сондай-ақ Қазақстан мен Таиландтың туризм және спорт министрліктері арасында Туризм саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Сыртқы істер министрлері келіссөздер қорытындыларына оң баға беріп, одан әрі жемісті ынтымақтастыққа сенім білдірді.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив