Су тасқыны жағдайы туралы ақпарат
Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында су тасқынына қарсы іс-шаралар, су тасқыны салдарын жою және халыққа көмек көрсету бойынша жұмыстар жалғасуда.
Батыс Қазақстан облысында Орал қаласында Жайық өзенінің су деңгейі біртіндеп төмендеп жатқаны байқалады, су деңгейіне мониторинг жалғасуда. Қазіргі уақытта үйлерді су басу оқиғасы тіркелген жоқ. Саяжайда қалып қойған тұрғындардың бар-жоғын тексеру үшін аралау жұмысы жалғасуда.
Осы сағатта республика бойынша 31 112 адам өз үйлеріне оралды. 8 566 адам, оның ішінде 3 718 бала эвакуациялау пункттерінде.
5 677 тұрғын үй мен 2 584 аула аумағынан судың бағыты бұрылып, су сорылды. 11,7 млн астам текше метр еріген қар суы сорып шығарылды, 5,5 млн қапшық және 1,5 млн астам тонна инертті материал төселді.
Жедел желі телефонына 2 205 қоңырау түсті.
Авариялық-құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарға 32 мыңнан астам адам, 4 мың техника, 773 су сору құралы, 294 жүзу құралы, 13 әуе кемесі жұмылдырылды.