Cемей-11°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
499.51 525.83 4.62

Қазақстанда еңбекті қорғау бойынша қабылданатын шаралар туралы

29-04-2024, 11:18 Думан Кенжеғазыұлы

Жыл сайын 28 сәуірде Дүниежүзілік еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау күні атап өтіледі, оның мақсаты – жұмысшылардың құқықтарын қорғау, олардың әлеуметтік қорғалуын және еңбек қауіпсіздігін арттыру мәселелеріне назар аудару. Соңғы 5 жылда еңбекті қорғау саласында мемлекеттік органдар мен жұмыс берушілер қабылдаған кешенді шаралар 1 мың жұмыскерге шаққанда өндірістік жарақаттану деңгейін 0,23-тен 0,21-ге дейін төмендетуге мүмкіндік берді.

2024 жылғы Дүниежүзілік қауіпсіздік және денсаулық күнінің тақырыбы – «Климаттың өзгеруінің еңбек қауіпсіздігі мен денсаулығына әсері». Бұл ақпараттық-түсіндіру науқаны еңбек қауіпсіздігі мәселелері және өндірісте жарақат алу, ауру және өлім санының көбеюі туралы халықтың хабардарлығын арттыруға арналған.

Халықаралық еңбек ұйымының деректері еңбекті қорғау саласындағы ауқымды проблемалардың сақталып отырғанын көрсетеді – жыл сайын әлемде 270 миллионға жуық жазатайым оқиғалар мен 160 миллион кәсіптік аурулар тіркеледі, олар 2 миллионнан астам адамның өмірін қиды.

Қазақстанда жыл сайын кәсіпорындарда 1400-ден астам өндірістік жазатайым оқиға орын алады, оның 200-ден астамы өліммен аяқталады. Экономика салалары бойынша зардап шеккендердің ең көп саны тау-кен металлургия кешені кәсіпорындарында – 21,3%, құрылыс саласында – 10% байқалды.

519 мыңнан астам жұмыскер зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейді. Әрбір үшінші жұмысшы (37%) – шу мен дірілдің күшеюі жағдайында, әрбір төртінші (25%) – жұмыс аймағында газ бен шаңның жоғарылауында, әрбір сегізінші (13%) қолайсыз температуралық жағдайларда жұмыс істейді.

107 мыңнан астам адам (21%) ауыр дене еңбегімен айналысты.

Аттестация қорытындысы бойынша 2023 жылы 697 мың жұмысшы зиянды еңбек жағдайында жұмыс істегені үшін түрлі өтемақылар алды. Бұл мақсаттарға жұмыс берушілер 255 млрд теңге бөлді, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 23%-ға артық.

Соңғы бес жылда еңбекті қорғау саласында мемлекеттік органдар мен жұмыс берушілер қабылдаған шаралар өндірістік жарақаттану деңгейін (1000 жұмысшыға шаққандағы жазатайым оқиғалардың жиілік коэффициенті) 0,23-тен 0,21-ге дейін төмендетуге мүмкіндік берді.

Қазақстанда салауатты және қауіпсіз еңбек жағдайларын одан әрі қамтамасыз ету үшін кешенді шаралар қабылдануда.

2023 жылдың қорытындысы бойынша құқық қорғау органдарына жазатайым оқиғалар туралы 1055 материал жіберіліп, олар бойынша 149 қылмыстық іс қозғалды.

Жұмыс орындарындағы еңбек жағдайларының нақты жағдайын бағалау мақсатында 10 мыңнан астам өндірістік нысандарды аттестаттау жүргізілді.

Бұзушылықтардың алдын алу және болдырмау мақсатында еліміздің 3214 кәсіпорны еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау стандарттарын енгізді.

2019 жылдан бастап Нөлдік жарақаттар тұжырымдамасы – Vision Zero – белсенді түрде алға жылжуда. Оған бүгінде республиканың 536 кәсіпорны қосылды.

Қазақстанның 258 кәсіпорны құрылыс саласының мердігерлік ұйымдарында қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету үшін бақылаудың тікелей моделін енгізді.

Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін жұмыскерлерді әлеуметтік қорғаудың қосымша тетіктерін іске асыру шеңберінде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап арнаулы әлеуметтік төлемдер енгізілді. Бұл төлемдерге 55 жасқа толған және кемінде 7 жыл міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары төленген қызметкерлер құқылы. Осы мүмкіндікті пайдаланып, жыл басынан бері 6 мыңға жуық жұмысшы зиянды еңбек жағдайларындағы жұмысын тоқтатып, арнайы әлеуметтік төлемдер алып жатыр.

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi (бұдан әрi – Еңбекмині) өз алдына еңбек жағдайлары зиянды жұмыс орындарын едәуір қысқарту және өндірістік жарақаттану деңгейін төмендету міндетін қойып отыр.

Өткен жылдың соңында Үкіметтің қаулысымен 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек Тұжырымдамасы бекітілді. Құжат тәуекелге бағдарланған тәсіл негізінде еңбекті қорғауды басқарудың ұлттық жүйесін жаңғыртуды, кәсіптік тәуекелдерді төмендету жөніндегі шараларды экономикалық ынталандыруды, еңбекті қорғау саласындағы кәсіптік құзыреттер мен ғылыми әлеуетті дамытуды, еңбекті қорғау саласындағы бақылау мен мониторингтің тиімділігін арттыруды көздейді.

Еңбекмині жұмыс берушілерді еңбек қызметі процесінде қызметкерлердің қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету бойынша барлық күш-жігерін жұмсауға шақырады.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив