Су тасқыны жағдайы туралы ақпарат
Атырау облысындағы 41 елді мекен бойында қорғаныс құрылыстары салынды. Су тасқыны кезеңінде өңірде 500-ден астам км. қорғаныс құрылыстары салынды. Бүгінде облыста ТЖМ әскери бөлімдерінің әскери қызметшілерін қоса алғанда, 10 өңірден келген құтқарушылар тобы бар. ТЖМ қызметкерлері Жайық өзеніндегі су деңгейіне сағат сайын мониторинг жүргізеді. Су басқан аймақтардан су сору жұмыстары тәулік бойы жалғасуда. Құлсары қаласында 2 564 тұрғын үйден су бұрылды.
Азаматтық қорғау қызметтерімен, волонтерлермен және тартылған ұйымдармен Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарында су тасқынына қарсы іс-шаралар, су тасқыны салдарын жою және халыққа көмек көрсету бойынша жұмыстар жалғасуда.
Республика бойынша 7 089 жеке тұрғын үй мен 2 834 аула аумағынан судың бағыты бұрылып, су сорылды, 39 352 адам өз үйлеріне оралды. 6 552 адам эвакуациялау пункттерінде.
Су тасқыны бастағалы бері 13,1 млн астам текше метр еріген қар суы сорып шығарылды, 7,6 млн астам қапшық және 1,5 млн астам тонна инертті материал төселді.
Авариялық-құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарға 17 мыңнан астам адам, 2 мыңға жуық техника, 291 су сору құралы және 203 жүзу құралы, 7 әуе кемесі жұмылдырылды.
Өрт қауіпті кезеңнің басталуына байланысты ТЖМ азаматтарды табиғатқа шыққанда өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауға шақырады.