Сенатта капиталды заңсыз шетелге шығаруға қарсы күрес шаралары талқыланды
Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің депутаттары «Капиталды заңсыз әкетудің алдын алу мақсатында валюталық реттеуді жүзеге асыру» тақырыбына арналған дөңгелек үстел отырысын өткізді.
Комитет төрағасы Сұлтанбек Мәкежанов Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша шетелге заңсыз қаржы шығару проблемасына ерекше назар аударылып отырғанын атап өтті. Бұл мәселені шешу үшін арнайы мекемеаралық комиссия құрылған болатын. Сонымен қатар тиісті заңнамалық өзгерістер қабылданды, оның ішінде валюталық реттеу жөнінде де өзгерістер бар.
Отырыс барысында Ұлттық банктің валюталық реттеуді жүзеге асырудағы рөлі туралы Ұлттық Банк төрағасының орынбасары Виталий Тутушкин айтып берді. Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Жұмағұлов экспорт және импорт бойынша валюталық бақылауды Мемлекеттік кірістер комитетінің қарамағына беру тетіктері туралы хабарлады. Сондай-ақ, осы саланы іске асыру және бақылау шаралары туралы Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Раисов баяндады.
Депутат Сұлтанбек Мәкежанов дөңгелек үстел жұмысын қорытындылай келіп, айтылған ұсыныстар мүдделі мемлекеттік органдарға жіберілетін қорытынды ұсынымдар тізбесіне енгізілетінін атап өтті.
Суретті түсірген: А.Байжұманов