ҚР Еңбекминінде мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласындағы шараларды іске асыру
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде ведомство басшысы Светлана Жақыпованың төрағалығымен Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласындағы үйлестіру кеңесінің (бұдан әрі – Үйлестіру кеңесі) кезекті отырысы өтті.
Іс-шараға ҚР Парламентінің депутаттары, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Светлана Жақыпова өзінің алғысөзінде мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын іске асыру мәселесі Мемлекет Басшысының Қазақстан Республикасында инклюзивті саясат тұжырымдамасын әзірлеу қажеттігі туралы тапсырмасы аясында ерекше өзектілікке ие екенін атап өтті.
Үйлестіру кеңесі барысында мемлекеттік органдардың өкілдері «Инклюзивті білім беру», «ЖОО-ға қолжетімділікті қамтамасыз ету», «Медициналық көмектің қолжетімділігі және оңалту», «Қолжетімді орта», «Туризм және спорт», «Тұрғын үймен қамтамасыз ету», «Мәдениет және ақпарат», «Мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестіктерін қолдау» бағыттары бойынша жұмыс топтарының жоспарлары туралы хабардар етті.
Мемлекеттік органдардың өкілдері мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілерге өз ұсыныстарын айтты.
Отырысты қорытындылай келе, Светлана Жақыпова Үйлестіру кеңесінің мүшелерімен және мүгедектігі бар адамдар мәселелері бойынша басқа да үкіметтік емес ұйымдармен жүйелі жұмыс жүргізу және жандандыру қажеттілігіне мемлекеттік органдардың назарын аударды.
Естеріңізге сала кетейік, Үйлестіру кеңесі – бұл қызметі мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау, құқықтарын іске асыру және өмір сүру сапасын жақсарту саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіру бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеуге бағытталған консультативтік-кеңесші орган.