Күшті әсер ететін заттар мен прекурсорлардың айналымын бақылау қатаңдатылады
Есірткіге қарсы күрес туралы түзетулер аясында Қылмыстық кодекс күшті әсер ететін заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымы үшін жауапкершілікке тартумен (301-бап) толықтырылады. Сондай-ақ күшті әсер ететін заттар және прекурсорлармен жұмыс істеу қағидаларын сақтауға міндетті адамдардың осы қағидаларды бұзғаны үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген.
Құрамында есірткі заттары бар тыйым салынған өсімдіктерді өсіргені үшін де қылмыстық жауапкершілік күшейтіледі. Ол үшін Қылмыстық кодекстің 300-бабын «қылмыстық топтың құрамында» және «аса ірі мөлшерде» секілді квалификациялық белгілермен толықтыру ұсынылады.
Бұдан бөлек, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің 174-бабына есірткі тұтынуына байланысты мәжбүрлі емдеуден өткен адамдарды клиникадан шыққаннан кейін динамикалық бақылауға алатын және онда міндетті қолдау бағытындағы емдеуден өтетін өзгерістер енгізіледі.