ҚР МАМ нормативтік-құқықтық актілерге гендерлік сараптама жүргізу мәселелерін талқылады
Бүгін Мәдениет және ақпарат, Ұлттық экономика, Әділет министрліктерінің, парламенттік институттар, заңнама және құқықтық ақпарат, экономикалық зерттеулер, Қазақстандағы «БҰҰ-әйелдер» құрылымы өкілдері нормативтік-құқықтық актілерге гендерлік сараптама жүргізу мәселесін талқылады.
Іс-шараға қатысушылар бұл шара Қазақстанда гендерлік теңсіздікті болдырмау және адам құқықтарын сақтау үшін қажет екенін атап өтті. Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов құттықтау сөз сөйлеп, осы рәсімді өткізудің маңыздылығын және гендерлік теңдік институтын нығайту қажеттігін тілге тиек етті.
Айта кетейік, 2023 жылы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің және Қазақстандағы "БҰҰ-әйелдер" құрылымының гендерлік теңдікті қамтамасыз ету және әйелдер мен қыздардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту жөніндегі бірлескен жобасы шеңберінде нормативтік-құқықтық актілерге ғылыми сараптама жүргізу бойынша қолданыстағы тәсілдерге талдау жасалды.
Талдау қорытындысы бойынша жобалар мен қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілердің гендерлік сараптамасын жүзеге асыру әдістемесі, ҚР заңнамасының гендерлік сараптама жүйесін үйлестіру және оны құқықтық талдау жүйесіне енгізу бойынша ұсынымдар әзірленді.
Кездесу барысында Қазақстандағы "БҰҰ-әйелдер" құрылымының ұлттық консультанты, ҚР Парламенті Сенаты жанындағы Жас сарапшылар клубының мүшесі Мүсілім Хасенов жүргізілген талдау нәтижелері мен гендерлік сараптама әзірлеген әдіснаманы таныстырды.
Жиын соңында қатысушылар жұмыс органын құру және нормативтік-құқықтық актілерге гендерлік сараптама енгізу жөніндегі іс-қимыл жоспарын әзірлеу қажеттілігі туралы шешім қабылдады.