Сенатор Айгүл Қапбарова мәдениетаралық диалог жөніндегі дүниежүзілік форумға қатысты
ҚР Парламенті Сенатының депутаты Айгүл Қапбарова «Бейбітшілік және жаһандық қауіпсіздік жолындағы диалог: ынтымақтастық және өзара байланыс» тақырыбы бойынша мәдениетаралық диалог жөніндегі VI дүниежүзілік форумға қатысты. Шара Әзербайжан Республикасында Баку қаласында өтті.
Форум аясында қазіргі әлемдегі мәдениеттер арасындағы, әсіресе терроризм мен жаһандық қақтығыстар қаупі жағдайындағы белсенді диалог пен өзара іс-қимыл мәселесі, сондай-ақ халықтар арасында оң қарым-қатынас қалыптастырудағы білім беру, медиа және азаматтық қоғамның маңыздылығы талқыланды.
Сенатор сонымен қатар «Мәдени мұраны қорғаудағы заң шығарушы биліктің рөлі мен озық тәжірибесі» тақырыбына арналған парламентаралық конференцияға да қатысты. Парламентшілер мәдени мұраны қорғау және сақтауды көздейтін заңнамалық тетіктер әзірлеу және қолдану мәселелері бойынша пікір алмасып, тәжірибе алмасты. Түрлі елдердің заң шығарушы органдарының осы саладағы оң тәжірибесін талдауға ерекше назар аударылды. Талқылау нәтижесінде заң шығару билігінің мәдени мұраны қорғау саласындағы іс-әрекетінің тиімділігіне әсер ететін негізгі аспектілер анықталды, сондай-ақ осы саладағы заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірленді.