«Шәкәрім» қайта түледі
Жақында Семейдегі Шәкәрім университетінде қазақ руханиятына тың серпіліс беретін үлкен шаруа жүзеге асты. Бұған дейін жиырма жылға жуық жарық көріп келе жатқан «Шәкәрім» ғылыми-танымдық журналы елді жайлаған пандемия кезінде өз жұмысын тоқтатқан еді. Енді, міне, араға бірер жыл салып сол бір олқылықтың орны толып, рухани қазына жаңаша келбетпен жарық көруі жалғасып отыр.
Айтулы оқиғаға орай өткен жиында Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбеков журналдың білім ордасының 90 жылдық мерейтойы аясында қайта жарық көруінің символдық мәні зор екендігін баса айтты.
Жиын барысында сөз алған ел ақсақалдары Арап Еспенбетов пен Зейнолла Тоқаев «Шәкәрім» журналының рухани мәні зор екенін оның мазмұндық мәнін дамыту керектігін атап өтті.
Осы тұрғыда айтар жайт, ЖОО-да Министрлік талабымен шығарылатын ғылыми журналдардың болуы ерекше маңызға ие. Ғалымдар осындай әмбебап «Шәкәрім» журналының болуы университеттің мерейін өсіретіндігіне әрі ұлы тұлғаның атын ұлықтап, шығармаларын насихаттаудың тікелей жолы екендігін тілге тиек етті.
P.S Ғылыми-танымдық журналдың электронды нұсқасын shakarim.edu.kz сайтынан оқитын боласыздар. Журнал “Казпошта” АҚ арқылы таратылатын болады.