Құтқарушыларға мемлекеттік және ведомстволық наградалар табыс етілді
2024 жылғы 6 мамырда ТЖМ-да Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күніне орай салтанатты жиналыс өтті, оған басшылық, жеке құрам мен ардагерлер қатысты.
Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов өз құттықтау сөзінде: «Уақыт өткен сайын Ұлы Жеңістің маңыздылығын түсіну артуда. Осыны өскелең ұрпаққа жеткізу біздің міндеттіміз. Бүгінгі ұрпақ аға буын ардагерлері көрсеткен батырлық пен жанқиярлық ерліктерін үлгі тұтады. Министрліктің жеке құрамы барлық күш-жігерін, білімі мен іскерлігін алға қойылған міндеттерді шешуге бағыттайтын болады!», - деп атап өтті.
Бұл мереке күні Президент Жарлығымен батырлық ерлігі және мінсіз қызметі үшін 7 құтқарушы мемлекеттік наградалармен марапатталды.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан Ақмола облысы ТЖД Ерейментау ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Амангелді Доскенов Бауыржан Момышұлы атындағы ІІ дәрежелі «Айбын» орденін, Ақтөбе облысы ТЖД өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі № 6 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Нұрболат Тәжіғұлов Рахымжан Қошқарбаев актындағы ІІІ дәрежелі «Айбын» орденін алды.
ТЖМ басшысы Президент атынан ТЖМ қызметкерлерін марапаттады. «Қазавиақұтқару» акционерлік қоғамының ұшқышы-нұсқаушысы Қалдыбек Асанов Бауыржан Момышұлы атындағы ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесінің басшысы Арман Ахметов «Құрмет» орденімен марапатталды.
Батыс Қазақстан облысы ТЖД өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі № 1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші – құтқарушысы Артур Бердашев, Жамбыл облысы ТЖД өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі № 1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Бекмұрат Сұрабалдиев, Қостанай облысы ТЖД өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі № 6 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Ержан Тұралин «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Министрдің бұйрығымен төтенше жағдайда көрсетілген қызметтік борышын үлгілі орындағаны және жоғары кәсібилігі, батылдығы мен жанқиярлығы үшін азаматтық қорғау органдарының 414 қызметкері мен басқа да мемлекеттік органдардың өкілдері марапатталды. Сонымен қатар ТЖМ қызметкерлеріне мерзімінен бұрын кезектен тыс атақтар берілді.
Сонымен қатар ТЖМ басшысы салтанатты түрде елордалық құтқарушыларға қызметтік пәтердің кілтін табыстап, оларды осындай маңызды оқиғамен құттықтады. Мемлекет басшысы мен жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен азаматтық қорғау жүйесінің әскери қызметшілерін, өрт сөндірушілері мен құтқарушыларын әлеуметтік қорғауды жақсарту бағдарламасы іске асырылуда. Жаңа қоныстанушылар арасында қатардағы қызметкерлер: өрт сөндірушілер, құтқарушылар, елордалық өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің бөлімшелерінің командирлері.