Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің Отан қорғаушы күнімен құттықтауы
Құрметті қазақстандықтар!
Баршаңызды Отан қорғаушы күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Қашанда қайсарлық пен асқақ рухтың жарқын үлгісін көрсетіп келе жатқан айбынды армиямыз – еліміздің тәуелсіздігі мен тұтастығының мызғымас кепілі. Мемлекет басшысы – Жоғарғы Бас қолбасшы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тікелей қолдауымен бүгінде Қарулы Күштеріміздің әскери әлеуетін жаңғыртуға, кәсіби деңгейін сапалы дамытуға ерекше назар аударылып келеді. Біз Отан алдындағы қасиетті борышына адалдық танытқан қаһармандарымызды ұдайы мақтан тұтамыз. Биылғы алапат табиғи апат кезінде әскери қызметшілер де елмен бірге ауқымды жұмыстардың алдыңғы шебінен табылды. Бұл орайда, сарбаздарымыз бен сардарларымыздың қажырлы еңбектері шексіз құрметке лайық. Әркез абырой биігінен көрініңіздер.
Осынау мерейлі күні Қарулы Күштеріміздің ардагерлеріне, ел тыныштығын қорғап жүрген әскери қызметшілердің барлығына мықты денсаулық, шаңырақтарына бақ-береке тілеймін.
Егемен еліміздің еңсесі биік, іргесі берік болсын!
Ізгі ниетпен,
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі Олжас Бектенов