Жұмыссыз қазақстандықтар су тасқынынан зардап шеккен өңірлерді қалпына келтіру бойынша жұмысқа орналаса алады
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Бірге салайық!» атты жұмыссыз азаматтарды су тасқынынан зардап шеккен өңірлерде тұрғын үй салу және инфрақұрылымды қалпына келтіру жұмыстарына жұмысқа орналастыру бойынша жобасына бастама жасады. Құрылыс компаниялары ұсынатын бос жұмыс орындарын Электрондық еңбек биржасынан көруге болады.
ҚР ЕХӘҚМ Еңбек ресурстарын дамыту орталығы «Бірге салайық!» жобасы шеңберінде азаматтарды жұмысқа орналастыруды сүйемелдеу жөніндегі арнайы платформа әзірледі. Бұл Enbek.kz электрондық еңбек биржасындағы жаңа модуль болады, осында жұмысқа орналасуға және өңірлерге тұрғын үй қоры мен инфрақұрылымды қалпына келтіруге көмектесуге ниет білдірген кез келген адам бос орындармен танысып, өзіне ұнаған кез келгеніне ынта білдіріп, әңгімелесуден өте алады. Қазіргі уақытта платформада 42 бос жұмыс орны бар.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қазақстандықтарды жобаға қатысуға және зардап шеккен өңірлерді қалпына келтіруге өз үлестерін қосуға шақырады!
Естеріңізге сала кетейік, су тасқыны салдарынан Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарының тұрғындары мен инфрақұрылымы зардап шекті.