Жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша республикалық олимпиада қорытындыланды
Елімізде мектеп оқушылары арасындағы жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша республикалық олимпиада өз мәресіне жетті. Оған еліміздің өңірлерінен 939 оқушы қатысты, деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.
Биылғы жылы оқушыларға арналған республикалық олимпиада 6 өңірде бір мезгілде өтті. Жас математиктер мен физиктер, химиктер Астана, Алматы және Павлодар қалаларында бақ сынасты. Барлық кезең қорытындысы бойынша 431 оқушы жүлдегер атанды, олар 211 қола, 131 күміс және 89 алтын жүлдені өзара бөлісті.
«Ең жас қатысушы» дипломымен Ақмола облысынан 8-сынып оқушысы Нұрәлі Шаймерден марапатталды.
«Мен осы олимпиадаға қатысқаныма өте қуаныштымын. Республикалық олимпиада – менің интеллектуалды дамуым үшін үлкен мүмкіндік. Мен мұнда білімімді толықтырып қана қоймай, жаңа достар таптым», - дейді өз әсерімен бөліскен Нұрәлі Шаймерден.
Ал «Ең үздік ауыл оқушысы» номинациясы бойынша Павлодар облысынан Максим Комаров пен Жетісу облысынан Владислав Иванов дипломдарға ие болды.
«Үздік олимпиадалық команда» номинациясы келесідей бөлініске түсті: III орын - Шығыс Қазақстан, Қызылорда және Жамбыл облыстары; II орын - Астана және Алматы қалалары; I орын – Павлодар облысы және РФММ құрама командасы. Бас жүлдені Назарбаев Зияткерлік мектебінің командасы жеңіп алды.
Сонымен қатар 46 жеңімпазға KBTU, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық зерттеу техникалық университеті, Astana IT University, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті секілді ЖОО-на ректорлық грант тағайындалды.
«Олимп шыңына жетелеуші» номинациясы бойынша педагог-тәлімгерлер мен олимпиадалық командалардың жаттықтырушылары марапатталды.