Cемей-14°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
498.34 519.72 4.85

Шегіртке таралып кетпеуі керек: Серік Жұманғарин өңірлерде фитосанитариялық іс-шараларды жандандыруды тапсырды

15-05-2024, 10:09 Мадина Айдарова

ҚР Үкіметі мен өңірлерде шегірткенің таралуына жол бермеу және фитосанитариялық іс-шаралар жүргізу үшін жедел жұмыс комиссиялары құрылады. Мұндай шешім 13 мамырда вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте қабылданды.

Мамыр-маусым айлары – жерді шегірткеге қарсы өңдеу үшін ең қолайлы мерзім. Дәл осы уақытта шегіртке жұмыртқалары жаппай көбейеді.

«Біздің болжамымыз бойынша, шегірткеге қарсы іс-шаралар температура +25-30 градусқа дейін көтеріліп, дернәсілдердің жаппай көбейетін сәтінде,  елдің оңтүстігі мен батысында 20 мамырдан, солтүстігінде, шығысында және орталығында 30 мамырдан бастап қолға алынады. Зиянкестермен күресу үшін 2,46 млн га аумақты өңдеуге арналған пестицидтер қоры сатып алынды. Барлығы 2,5 млн га қажет. Қазірдің өзінде 1,9 млн га аумақты химиялық өңдеу бойынша қызметтерге шарт жасалды, қалғаны бойынша конкурстық рәсімдер жалғасуда. Өңдеу техникасы аймақтарда орналасқан, пестицидтер қажет болған жағдайда сақтау қоймаларынан жеткізіледі. Тиісті жұмыстарды бастау үшін дернәсілдердің жаппай өсу және даму кезеңінің басталуын күтеміз», — деді ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов.

Түркістан облысы 16 сәуірден бастап бірінші болып аса қауіпті Марокко шегірткесінен тазартуды бастады. Өңделетін жалпы ауданы – 272 мың га. Бүгінгі таңда жоспарланған аумақтың 88% өңделді, бұл – 240,3 мың га алқап. Химиялық өңдеу жерден (101 бірлік) және әуеден (6 бірлік) арнайы техникамен жүргізіледі. Қолданылатын препараттар: «Пиларкинг в.к.» (14,3 мың га), «Тиаметрин с.к.» (189,8 мың га), «Карат супер к.э.» (18,2 мың га), «Ацет 200 р.н» (18 мың га).

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров кеңесте барлық өңірлер мониторингтік іс-шаралар үшін техниканы белсенді қолдануы тиіс екенін атап өтті. Зиянкестермен күресте дернәсілдердің орналасқан жерін уақытында әрі нақты тауып, жою өте маңызды. Шегірткенің болжамды таралу ауқымын (2,5 млн га) ескере отырып, мониторинг дәстүрлі әдістерден бөлек, дрондардың көмегімен де жүргізіледі. Тәжірибе көрсеткендей, дрондарды қолдану зиянкестерді бақылау шараларын 5-10 есе жылдамдатады. Сондықтан, әкімдіктерге мүмкіндігінше дернәсілдердің орналасқан жерін анықтау үшін дрондарды пайдалану ұсынылады.

Шекара маңындағы шегірткеге қатысты жағдай үнемі қадағаланып отырады. Шекаралас елдердің ауыл шаруашылығы ведомстволары арасында мониторинг жоспарлары жасалды. Атап айтқанда, өзбек және ресейлік мамандармен бірлескен зерттеулер жүргізіліп жатыр. 

«Бұл жұмыстардан күтетін жалғыз нәтижеміз – шегірткелердің таралып кетпеуі. Сондықтан, бір апта ішінде шегірткеге қарсы жедел жұмыс үшін менің басшылығыммен Үкіметте орталық комиссия және облыстарда әкім орынбасарлары жетекшілік ететін өңірлік комиссияларды құрамыз. Біз қалыптасқан тәсілдерге сүйенбей, аумақтарды мұқият зерттеу және жерді өңдеу үшін барлық қажетті ресурстарды, әсіресе адам ресурстарын қосамыз. Еңбек биржасынан адамдарды тартыңыздар. Ертеңнен бастап барлық АШМ басшылары қажетті іс-шараларды бақылау үшін шегірткенің таралу қаупі жоғары аймақтарға барады. Мен шегірткенің таралу қаупі толығымен жойылғанға дейін әр апта сайын жергілікті жағдайды бақылап, барлық өңірлерді тыңдайтын боламын», — деді вице-премьер.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив